Қазақстан шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдеді
Уақытша шектеулер алынып тасталды
Үкіметте Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды. Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. ВАК отырысында карантин кезеңінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды.
Ведомствоаралық комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады:
- Қазақстан азаматтарының Қазақстанның халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына;
- визалық талаптар сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) Қазақстан аумағына/аумағы арқылы кіруге/транзиттік өтуге рұқсат беріледі.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін автоөтпе жолдары арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайды. Енді қазақстандықтар 15 тәулікте 1 рет шыға алады.
Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцина алғанына қарамастан, 72 сағат ішінде жарамды COVID-19-ға теріс ПТР-тест анықтамасын ұсынуы керек. Бірге алып жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.