Нұр-Сұлтанда апатты жағдайдағы 18 үйдің тұрғындары көшіріледі
Онда 300-ден аса отбасы тұрады
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында апатты жағдайдағы 18 үйдің тұрғындары көшірілетінін мәлімдеді. Бұл туралы елорда әкімдігі ресми сайты хабарлады.
«Биыл апатты жағдайдағы ескі үйлердің арасында қауіпті күйдегі 18 үйдің тұрғындарын көшіреміз. Мұндай көппәтерлі және жеке үйлердің проблемалары негізінен электр сымдарымен, кәрізбен, сумен, шатырмен, іргетасымен байланысты. Тіпті пәтер ішінде пеш те орнатылған, дәретханасы сыртта орналасқан тұрғын үйлер де бар», - деп жазды елорда әкімі.
Оның айтуынша, бірқатар апатты үй тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылған. Мәселен Сарыарқа ауданында тұратын тұрғындармен (Рауан тұйық көшесі 15, 16, 17) кездесуде көшу мәселесі талқыланды. Олардың баспанасы апатты ескі үйлер тізіміне енгізілген: қазіргі уақытта оларға арнап жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр, оны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, деді әкім. Тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқтала салысымен Рауан тұйық көшесі 15, 16, 17 мекенжайында тұратын тұрғындар көшіріледі.
Елорда Даму бағдарламасы бойынша тұрғындарды қауіпті үйлерден көшіру жұмысы жүріп жатыр. Соңғы 3 жылда апатты үйлерден 700-ге жуық отбасы көшірілді. Бағдарлама басталғаннан бері шамамен 4 мың 200 отбасы көшірілді, – деп жазды Көлгінов.
Сол сияқты қалада 200-ден астам апатты үй бары айтылды. Олар бойынша тиісті жұмыс жоспарлы түрде жүргізіледі.
«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баспана жағдайын жақсарту үшін тұрғын үй кешенін жөндеу, лифтілерді ауыстыру, жеңілдікті әлеуметтік тұрғын үй құрылысы, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Алтай Көлгінов.