Ол үшін оншақты тұрғын үй кешені құрылысы тоқтатылды
Нұр-Сұлтанда балабақшалар мен мектептер салынатын орындар анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімдігі тұрғын үй кешенінің орнына әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер - скверлер, бульварлар, аулалар салатын болады.
Мысалы, «Sport City» ТК тұрғындары әкімдікке жақын маңдағы аумақта ТК құрылысын тоқтатуды сұраған. Осылайша, «Sport City» және «Әсем тас-2» тұрғын үй кешендерінің арасындағы жер телімінде биыл ТК орнына сквердің құрылысы басталады. Сол ауданда 2400 орындық мектеп (2 ауысымда) салынуда. Қаланың бас жоспарында медициналық орталықты орналастыруға арналған учаске бар («Хайвил Парк-1» артында орналасқан).
«Хайвил» ТК тұрғындарының өтінішіне қатысты - Байтұрсынов көшесі, 7 (Хайвил ТК) жер учаскесінде, бұрын айтылғандай, ТК орнына мектеп салынатын болады. Бұдан басқа, Қошқарбаев даңғылы мен Ақыртас көшесі маңында «Хайвил» ТК қарама-қарсы оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында тағы бір жалпы білім беретін мектеп салынады.
«Зам-Зам» ТК тұрғындарының өтініштері бойынша тұрғын үй кешенінің жанында ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарланып отырған 4 мың оқушы орнына (2 ауысымда) арналған мектеп салынуда. Сондай-ақ, А.Бектұров (бұрынғы атауы №49), Төле би (бұрынғы атауы №51), №69 көшелерін, мектепке кіреберіс жолдарын салу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы осы ауданда сквер салу жоспарда бар.
Күмісбеков көшесі, 9 мекен-жайы бойынша 21 қабатты тұрғын үй кешені мен паркингтің орнына қоғамдық кеңістік пен сквер салынады.
Демалу және серуендеу үшін қоғамдық кеңістік (сквер) құру бойынша ұқсас жоспар Мәңгілік Ел даңғылының жанындағы Есіл ауданындағы №9 емхана мен №77 мектеп-гимназия арасындағы учаскеде жүзеге асырылады.
М.Горький-Косыгин-Челюскинцев-Ишимская көшелерінің квадратында ТК орнына сквер салынады.
Елорданың желілік паркінде ТК құрылысы тоқтатылды, саябақты абаттандырып жатыр.
Қабанбай батыр даңғылындағы Керей-Жәнібек хандар және Орынбор көшелерінің арасындағы жер телімінде қала тұрғындарымен өткен кездесулерде айтылғандай, медициналық орталық салынады.