«Оларға қатысты заң керек». Елімізде «онлайн қайыршылар» көбейген
Соны кәсіпке айналдырып алғандарға арбалып қалу халықтың өзінің білімсіздігін көрсетеді дейді психолог
Қазір әлеуметтік желіде жағдайының жоқ екенін айтып, жұрттан көмек дәмететіндер жиі кездеседі. Тіпті, тікелей эфирге шығып, ашықтан-ашық ақша сұрайтындардың бірі шынымен мұқтаж болса, енді бірі сұраншақтыққа сақадай сайланып, оны кәсіп көзіне айналдырып алған.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, емді былай қойғанда, ішер ас пен киер киіміне де көмек сұрайтын «онлайн қайыршылардың» көбі ақша бермегендерді балағаттап тастайтынды шығарған.
Ал көпшілік «интернет арқылы қайыр сұрайтындардың көптігі сонша, оның қайсысы рас, қайсысы жалған екенін ажыратудан қалдық» деп отыр. Оны табыс көзіне айналдырғандар желі арқылы кез келген адамға хат жолдап, жағдайын айтып, алдымен сеніміне кіруге тырысады.
Бір қыз жазды, «жасым 15-те, мамам ауыр халде» деп. Көмегімді тигізейін деген ниетпен ақша салған болатынмын. Одан кейін қайта-қайта жазады, түсінбедім, «Неге бұлай екен?» деп. Сөйтіп бір күні сұрадым, «Сіздің ата-анаңыз бар ма, шынымен? Неге бұлай жаза бересіз?» деп. Сөйтсем, маған аузына келгенін оттап, балағаттап тастады, – дейді елорда тұрғыны Қымбат Әбілманова.
Бұл ретте психолог Айгерім Шүкірбайқызы «онлайн қайыршылар» халықтан қолдау көрген сайын көбейе беретінін алға тартып отыр.
«Күнде көбейіп келе жатыр олар. Меніңше, оларға қатысты бір заң керек. Соны кәсіпке айналдырып алғандарға арбалып қалу, әлбетте, халықтың өзінің білімсіздігін көрсетеді», - дейді ол.