Halyq Uni логотип
×

Спорт комитетінен 1,5 млрд теңгенің ұрланғаны рас па?

Бүгінде құзырлы орган тексеріс жүргізіп жатыр

 Дәурен Ерболат 19.08.2022 | 18:05
Спорт комитетінен 1,5 млрд теңгенің ұрланғаны рас па?
фото: ОКҚ

МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Бекболат Байжанов Таэквон-до ITF ұлттық спорт федерациясының президенті Айдос Аманжоловтың айыптауына жауап берді, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Басшы мемлекеттік орган комитетті тексергенін жеткізді.

Біріншіден, былтыр бізді Есеп комитеті толық тексерді. Егер комитет 1,5 млрд теңгені заңсыз бөлсе, ол есепте көрсетілетін еді. Екіншіден, осыған дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова әрбір спорт түрі А, В, С тобына бөлініп, саралау жүргізілетінін айтты. Спорт қай топқа түссе, соған сәйкес қаржы бөлінеді - деді Бекболат Байжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл таэквон-до ITF спорт федерациясы А тобына түскен.

«Таэквон-до олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Оған 7 млн теңге бөлу қарастырылған. Біз аталған федерецияның аккредитациясын тоқтатқанға дейін Айдос Аманжоловқа 97 мың теңге бөлдік. Бұл қаржы таэквон-до-дан Қазақстан чемпионатын ұйымдастыру үшін бөлінді. Федерация аккредитациясынан айырылған соң қаржы бөлуді тоқтаттық. Комитет 1,5 млрд теңгені заңсыз бөлінді деуге негіз жоқ, - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Бекболат Байжанов аталған федерацияның ішкі ісіне араласа алмайтынын атап өтті.

«Таэквон-до ITF спорт федерациясы қоғамдық бірлестік болғандықтан мәселеге араласа алмаймыз. Қоғамдық бірлестік бірнеше жеке тұлғадан тұрады. Мұнда Валерий Когай, Дәурен Нұрғалиев, Айдос Аманжолов, Айдын Қамытбек басқаратын ұйымдар бар. Бәрі кезінде бір федерацияда болған. Кейін олар бөлініп кетті. Айдос Аманжоловтың федерациясы 1 тамызға дейін жұмыс істеуге аккредитация алған. Алайда бізге сәуірде Халықаралық таэквон-до федерация тарапынан хат келді. Онда бұл федерацияның шеттетілгені туралы жазылған», - деді басшы.

Сондықтан аталған ұйымның жұмысы тоқтатылған.

«Егер 1 айдың ішінде Айдос Аманжолов құжаттарын тапсырып, бәрі заң аясында екенін дәлелдесе, аккредитациясын береміз. Егер дәлелдемесе, таэквон-до ITF спорт федерациясының жұмысы тоқтайды», - деді Бекболат Байжанов.

Сондай-ақ басшы Айдос Аманжолов айтқан жалған құжат жасау дерегіне тоқталды.

Жалған құжаттарға қатысты құзыретті органдар жауап беруі керек. Бізде бірнеше тексеру болды. Тексеріс әлі жүріп жатыр. Құзыретті органдар нақты шешімді айтатын шығар деп ойлаймын, - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама