392 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Шығыс Қазақстан облысында 400-ден астам білім беру ұйымында 2 мыңдай бұзушылық анықталды. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Өміржанов брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері биыл тәуекел дәрежесін бағалауға сәйкес ақпан-мамыр айлары кезеңінде білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігі қағидалары талаптарының сақталуына тексеру жүргізді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 420 білім беру объектісі ерекше тәртіппен тексерілді, нәтижесі бойынша 99 % (417 объект) өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып пайдаланылып жатқаны, онда 2000 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 392 лауазымды және заңды тұлғалар тартылды, оның ішінде-320 ескерту түрінде және 82 айыппұл, бірінші басшыларға оларды жою туралы ұйғарымдар берілді, – деді Нұржан Өміржанов.
Сонымен бірге ШҚО ТЖД инспекторлары профилактика шеңберінде 4541 мектеп пен балабақша қызметкерлерін қамтумен 179 нұсқама, педагогтар мен балаларды эвакуациялауды пысықтаумен 98 бірлескен оқу өткізгені белгілі болды. Бұған қоса 10 415 оқушыны қамти отырып, 62 интерактивті сабақ ұйымдастырылды.