ArtSpot: әкімдіктер кәсіпкерлерге 71 млрд теңге қарыз

Дәурен Ерболат

Жергілікті билік тиісті қаражатты бөле алмай отыр

Фото: elements.envato.com

ArtSpot жобасы бойынша әкімдіктердің кәсіпкерлерге қарызы 71 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бекболат Байжанов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Ол ArtSpot бағдарлама емес, платформа екенін атап өтті.

«Бүгінде ArtSpot деген бағдарлама жоқ. Cпорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландырудың мемлекеттік тапсырысы бар. Ал ArtSpot платформа болып саналады», - деді Бекболат Байжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде жергілікті әкімдіктер кәсіпкерлерге қарыз.

Cпорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тапсырысы бойынша мемлекеттің қарызы – 71 млрд теңге. Мемлекет дегеніміз жергілікті атқарушы билік, яғни республикалық маңызы бар қалалар мен барлық облыс әкімдігі, - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Бекболат Байжанов кәсіпкерлерге тиісті қаржы жыл соңына дейін төлетенінін атап өтті.

«71 млрд теңге қарыз спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер бойынша. Бүгінде елімізде 550 мыңдай бала жан басына шаққандағы мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге барып жүр. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жыл соңына дейін барлық қарызды жабу туралы нақты тапсырма берді», - деді басшы.

Ол тегін спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелердің саны қысқарып жатқанын жасырған жоқ.

«Шығармашылық үйірмелер 59-дан 50-ге, спорт секциялары 71-ден 68-ге дейін қысқарды. Біз ұқсас шығармашылық үйірмелерді біріктіріп, артық спорт түрлерін алып тастадық», - деді Бекболат Байжанов.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев тегін спорт секциялары болмайтынын айтқан еді.