×

Павлодар облысында терроризмге және билікті басып алуға үндеді деген күдікпен 3 адам ұсталды

Павлодар облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Қаңтар оқиғасына қатысты мәліметтерді жария етті

 Халық үні 07.02.2022 | 16:55
көрнекі фото: Павлодар облысы әкімдігі

Павлодар облысында қаңтар айының басында терроризмге және билікті күшпен басып алуға үндеді деген күдікпен 3 адам ұсталды. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлімдеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

«4 қаңтарда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында белгілі тұлғалардың 5 қаңтар күні митинг ұйымдастырып, өткізуге шақырып жатқанын анықтадық. 5 қаңтар күні сағат 14:00-де 1500-ден астам адам орталық алаңға келді. Олардың ұйымдасқаны байқалады. Олар жергілікті атқарушы органдарға өз талаптарын айтты. Облыс және қала әкімі оларға шығып, талаптарын тыңдады», - деді Жасқайрат Қайыров.

Спикердің айтуынша, сағат 17:00 шамасында олар облыс әкімдігі ғимаратының қоршауын бұзып өтіп, полиция қызметкерлеріне тас, таяқ, бөтелкелер лақтырған. 15 минут ішінде әкімдік есігінің қаңылтыр темірлері жұлып алып, шыны есіктерді сындыру арқылы әкімдіктің фронт офисіне кірген.

Жаппай тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында арнайы жоспар құрылып, әрі қарай Ұлттық ұлан әскері жиналғандарды Абай ескерткішіне қарай ығыстырып, психологиялық әсер ету үшін жарықтық-шу гранаталарын қолданған. Содан кейін агрессивті топты Қайырбаев – Мәшһүр Жүсіп, Сәтбаев – Торайғыров көшелерінің қиылысына дейін шегіндіру мүмкін болған.

Мәлім етілгендей, «қаңтар оқиғасы» кезінде арнайы операцияның бірінші күні 150 адам ұсталып, олар қосалқы іріктеу пунктіне жіберілген.

Павлодар қаласындағы сотқа митингіге қатысқандарға қатысты 1282 материалы жіберілді. 324 адам 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілген жоқ, - деді Жасқайрат Қайыров.

Облыстық ПД өкілінің айтуынша, Павлодарда қаңтардағы митингті ұйымдастырды деген күдікпен 3 адам анықталған. Оларға қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды.

«Тергеу жүріп жатқандықтан мән-жайын ашып айта алмаймын. 3 ұйымдастырушыға қатысты ҚР ҚК 255-бабы «Терроризм актісіне» қатысты және 179-бабы «билікті басып алуға әрекет жасау және соған шақыру» бойынша тергеу жүргізілуде», - деді Жасқайрат Қайыров.

Департамент басшысының бірінші орынбасары митинг кезінде ешбір полиция қызметкері және көлігі зардап шекпегенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама