×

«Алматыға нәпақа табуға кеткен». Атыраулық азаматтың жесірі күйеуінің Қаңтар оқиғасы кезінде себепсіз оққа ұшқанын айтты

Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды

 Айнұр Асылбекқызы 07.02.2022 | 15:50
Әлібек Көпболғанов, фото: марқұмның туыстарының жеке архивінен

Таяуда құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина еріктілермен бірге #Qantar2022 деген атаумен қаңтар оқиғасында қаза болған 173 адамның тізімін жариялады. Тізімге атыраулық Әлібек Көпболғанов 101-ші болып енген. Ол - 6 қаңтар күні Алматыда дүкенге азық-түлік сатып алуға шыққанда арқасынан үш рет оқ тиіп қаза болған бейбіт тұрғындардың бірі.

Оның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, Алматыда тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы тілшіміз марқұмның жолдасы Гүлшат Өтеғалиеваға хабарласып білді. Ол Әлібектің Алматыға нәпақа табу үшін барғанын айтады. Қаңтардың басында Атыраудағы жұмысы Алматыға ауысып, екі ай вахтаға кеткен Әлібектің бұл қалаға алғаш келуі екен.

Жақында жергілікті полиция департаментінің тергеушісі алматылық әріптестерінің тапсырмасымен Гүлшаттан жәбірленуші ретінде жауап алған. Тергеушіден жолдасы Әлібектің ресми түрде бейбіт тұрғындар тізіміне енгенін білген. 

Әлібек Көпболғанов Назарбаев даңғылында арқасына тиген үш оқтан көз жұмған. Гүлшат оның өлімі туралы медициналық куәлікте солай келтірілгенін айтады.

Алматыға 1 қаңтар күні жол тартқан Әлібек жұмысқа 4 қаңтарда шыққан. Құрылыс бригадасымен бірге қаланың шетінде Медеу ауданында коттедж қалашығын салып жатқан. 6 қаңтар күні оларды басшылары жинап алып, «үйлеріңе жетіп алыңдар, жағдай жаман» деп аяқ астынан жұмыстан босатады. Ол уақытта ұшақ та ұшпайды, пойыз да жүрмейді. Көлік қозғалысы да қиындаған кез. Қаладан шығып кете алмаған Әлібек сол Самал-1 ықшам ауданында жалдап тұрған қызметтік пәтерде уақытша екі күнге қалады. Ал қасындағы жұмыстастары Шымкенттен екен. Олар үйлеріне дер кезінде жетіп алған-мыс.

Жалдап тұрған қызметтік пәтер Назарбаев даңғылына жақын орналасқан. Гүлшаттың айтуынша, ол дүкен іздеп жүргенде сол даңғылдың бойына шығып, «Достық плаза» сауда орталығының артында ашық тұрған бір дүкенге қарай кетіп бара жатқанда оққа ұшқан. 

«Сол күні оған кешке хабарласқанмын. Ол сонда үйде тамақ жоғын айтып, темекі, нан алып келу үшін дүкенге шығып кеткен. Жолдасым қалада не болып жатқанын, жағдайдың ушығып жатқанын онша білмейтін. Оған біраздан соң тағы хабарласқанымда, ол телефон тұтқасын көтермеді. Одан хабар болмаған соң біз уайымдап, іздей бастадық.

Мәйітханаға хабарластық, ол кезде мәйітханада болмай шықты. Сосын өзі жұмыс істеп жатқан мекеменің басшысына телефон шалдым. Ол Алматыда тұрады екен. Ол кейін өзі іздеуге кірісетінін айтып хабарласты. Мәйітханаға барған екен, таба алмаған. Сосын ұсталғандардың қатарында болар деген үмітпен полиция департаментіне барған. Онда оған мәлімет (сведения) бермей жатыр, ол үшін фамилиялас туысқаны болу керек екенін айтты. Сөйтіп, Алматыға Әлібектің қарындасы ұшып кетті», - дейді жесір қалған Гүлшат Өтеғалиева.

Марқұмның қарындасы Светлана Көпболғанова бауыры туралы мәліметті полициядан таппаған. Мәйітханадан да 10-11 қаңтар күндері ақпар болмаған. 12 қаңтар күні таңертең де мүрде табылмаған. Полициядағылар сол күні мүрделердің жиналған бір бөлігі түсте жеткізілетінін айтып, мәйітханаға түсте бір барып кетуге кеңес берген. Светлана мен марқұмның бастығы екеуі оның мүрдесін түс кезінде қайта мәйітханаға барғанда тапқан.  

Соған қарағанда мәйітханаға апару үшін мүрделерді бір жерде жинап, «партиясымен» жеткізіп тұрған болып тұр ғой, - деп топшылайды Гүлшат.

Марқұм Әлібектің артында кәмелет жасына толмаған үш баласы қалды. Оның 15 және 13 жастағы екі ұлы және 9 жастағы қызы бар.

Оның жалдап тұрған пәтерінде өзінің заттары мен киімдері болған. Сонымен бірге, Әлібек үйден шығып кеткенде ұялы телефонын қуаттау үшін тоққа қосып кеткен.

Жолдасым митингке қатыспаған, ол дүкеннен тамақ алып болған соң үйге қайтамын деп ойлады ғой. Қараптан-қарап оққа ұшып тұр ғой. Біз үшін орны толмас ауыр қаза... - деп күрсінді жары Гүлшат.

Әлібек бұған дейін өмір бойы «Амангелді» өндірістік кооперативінде балықшы болып жұмыс істеген. Кейін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы бір мердігер мекемеде слесарь-монтаждаушы болып еңбек етеді. Соңғы жылдары Теңіз кен орнында бір мердігер компанияда жұмыс істеп жүрген. Карантин кезінде, яғни 2020 жылы компания Шымкентке ауысып, ол Атырауда қалады. Сөйтіп, бір жылдай жұмыссыз жүрген. 2021 жылы құрылыспен айналысатын тағы бір мердігер компанияға жұмысқа тұрады. Бұл туралы Гүлшат былай деп әңгімелейді:

«Алматыға кетпес бұрын Әлібек Теңіз кен орнында жұмыс істеп бастады. Жұмысына енді кіріскенде корановируспен ауырып қалып, одан емделіп шыққан соң үйде үш ай жатты. Үш ай өткен соң вакцина алып, жұмысқа шықты. Ал ол кезде компаниялары Теңіз кенішіндегі жұмысын бітіріп, Алматыдан тапсырыс алған болатын. Содан ол вахтамен Алматыға кетті. Өзі бастығынан сұранып, бір айлық вахтаны бірден екі айға созып, жұмысты біржола бітіріп, үйге келмекші еді.. Бірақ, оралмады... Алматыға қайбір жетісіп барды дейсің, отбасын асырау, ақша табу мақсатында барды. Өзі үй-ішін ойлап тұратын жан. 12 желтоқсанда 55-ке жаңа толып еді. Былай қарағанда әлі жас қой», - дейді марқұмның жесірі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама