Қаңтар оқиғасына байланысты шыққан барлық үкім қайта қаралуға тиіс – Рысбек Сәрсенбайұлы

Халық үні

Қоғам қайраткері судьялар прокурор айыптауы негізінде үкім шығарғанын айтады

фото: abai.kz

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы Қаңтар оқиғасына байланысты қаралған істің көп бөлігінде заң бұзушылық бар екенін айтады. Оның сөзінше, судьялар тергеу мен прокурордың айыптауы негізінде үкім шығарған.

«Бас прокуратура мәліметінше, Қаңтар оқиғасына байланысты 10 мыңға жуық адам ұсталған, күдікті болған, жауапқа тартылған. Соның ішінде 5 300-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Қазір 834 іс бойынша адамдар сотталып, жазаға тартылған. Осы сот процестері қалай жүріп жатыр? Біз бұны айтуға тиіспіз. Қылмыстық істі тергеу амалдарының біразында заң бұзушылық бар. Оған прокуратура келісімін беріп, сотта айыптаушы болып отыр. Сот тергеушілердің қателіктері мен заң бұзушылықтарына талқылау жасауы керек. Айыпталушылардың жасаған іс-әрекеттерін бағалап-саралап, тергеушілердің көзімен, прокурордың айыптауымен үкім шығару – үлкен әділетсіздік. Өкінішке орай, соттың көбі осындай әділетсіздікке, қиянатқа барып отыр. Олар заңды білмей ме? Олар заңды білмесе қалай судья болып отыр?», - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Оның айтуынша, соттар берілген тапсырманы орындап отыр.

Соттар қазір заңды басшылыққа алып, соның талабын орындаушы емес, жұмыс берушісінің тапсырмасын орындаушыға айналып кетті. Бұл процестердің барлығын біз қылмыстық процестер емес, саяси процесс деуіміз керек. Өйткені Қаңтар оқиғасына қатысушылар саяси талаппен шықты. Біз оларды саяси күрескерлер деп есептейміз, ­– деді Сәрсенбайұлы.

Рысбек Сәрсенбайұлы сот барысында шығарылған үкімдер қайта қаралуы керек деген пікірде.

«Біз Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, президент Тоқаевқа ашық айтқымыз келеді. Мынандай асыра сілтеуді тоқтату керек. Осы уақытқа дейін ауыр жаза тағайындалып, істің мән-жайына толық жетпей шығарылған үкімнің барлығы қайта қаралуы қажет. Бұл қылмыстың алдын алу емес...», – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасы кезінде қару ұрлағаны үшін Әлібек Иманбеков 6 жылға сотталған. Оның адвокаты Гүлнар Жуаспаеваның сөзінше, Иманбековтың ісі әділетсіз өткен.

«Бізде бірінші инстанция соты өздігінен шешім шығара алмайды. Апелляциялық сот біз келтірген дәлелдерге назар аударады деп үміттенеміз. Бұл екі томдық істе зерттейтін ештеңе жоқ. Біз оны толықтай зерттеп, дәлелдеп бердік. Егер кінәсі болмаса азаматтар бостандыққа шығуға тиіс. Полиция, ҰҚК қызметкерлері қаланы қорғамай, тонауға тастап кеткені үшін басқа азаматтар жазаланбауға тиіс. Біз апелляциялық сот бұл азаматтарды босатады деп үміттенеміз», – деді Жуаспаева.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы