Балалар ауруханаға «оң иық, білек, оң жамбас және сол жақ тізе тістеген жаралар» диагнозымен жеткізілді
Ақтөбеде қабаған ит екі балаға шабуылдады. Бұл туралы Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 16 тамыз күні сағат 19:30-да 102 нөміріне Ақтөбе қаласы, Маресьев көшесі 75 мекен-жайында ит бірнеше адамдарды тістеген. Мән-жайды анықтау барысында сағат 19:20-да 10 және 16 жастағы кәмелетке толмаған балалар жоғарыда аталған мекен-жайдағы аулада ойнап жүргені белгілі болды. Осы кезде оларға жақын маңдағы стаффордшир бультерьер тұқымының иті шабуыл жасаған. Балалардың бірінің ағасы итті көріп, балаларды қорғауға тырысқан. Жағдайды көрген көршісі үйінен тіркелген қаруын алып шығып, итті атып, жарақаттады. Ветеринарлық қызмет келгеннен кейін итті ұйықтатып тастады.
Кәмелетке толмаған балалар ауруханаға «оң иық, білек, оң жамбас және сол жақ тізе тістеген жаралар» диагнозымен жеткізілді.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері иттің иесін анықтады, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-бабының 2-бөлігі 1-тармағының 4-бөлігі «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапты қарау саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Құрметті үй жануарларының иелері, үй жануарларын қадағалауыңызды сұраймыз. Иттерді серуендету кезінде қауіпсіздік шараларын (тұмылдырықты қолдану, тізгінді пайдалану және т.б.) және жануарларды ұстау ережелерін есте сақтау қажет. Ата-аналар, балаларыңызға сақ болыңыздар, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ПД өкілі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстауда 5 мыңнан астам ит ауланғаны туралы жаздық.