Бестөбедегі шахтада тағы бір адам көз жұмды

Динара Амантай

Қылмыстық істі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында Бестөбе кентіндегі алтын өндіру шахтасы аумағында тағы бір адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 17 тамызда Степногор қалалық полиция басқармасына Бестөбе кентіндегі «Западная» шахтасының аумағында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының 23 жастағы тұрғыны көз жұмғаны туралы хабарланды.

Алдын ала анықталғандай, ер адам шахтаға заңсыз кіру кезінде жарақат алып, мерт болған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-бөлігі «Күзетілетін объектіге заңсыз кіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы шахтада адамның мәйіті табылғаны туралы жаздық.