Кардиохирургтер 4 жасар қыздың жүрегіне ота жасады
Бала Лобри-Пецци синдромымен дүниеге келген
Алматыда кардиохирургтер сирек кездесетін дертпен туған 4 жасар қыздың жүрегіне ота жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында 4 жастағы баланың жүрегіне күрделі ота жасалған.
Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасал.
Кішкентай науқас туабітті жүрек ақауымен (Лобри-Пецци синдромы) дүниеге келген. Оған туа сала бірден қос қолқа доғасына ота жасалған. Бұған қарамастан 4 жасар қызға екінші рет операция жасау керек болған.
Ота кезінде жүректің көлемі едәуір үлкейіп кеткені белгілі болды. Операция барысында жүрек тоқтатылып, жасанды қан айналым аппараты пайдаланылды, - деді кардиохирург Абай Сұртай.
Оның айтуынша, аорта қақпағына жақын орналасқан ақауды түзету аса қиынға соққан. Дегенмен ота сәтті өтіп, бүлдіршін бөлімшеге ауыстырылған.
Айта кетейік, жыл басынан бері орталықтағы дәрігерлер 100-ден аса операция жасаған. Олардың арасында бір жасқа толмаған 55 сәби де бар.