Оған бюджеттен қаржы қарастырылмаған
Алматыда балалар тегін спорт секциялары мен үйірмелерге қатыса алмайды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қалада Art sport жобасын қаржыландыру тоқтатылады. Себебі жергілікті бюджетте оған қаржы қарастырылмаған.
Қызмет көрсетушілерге 1 қыркүйектен бастап қаржыландыру тоқтатылатыны туралы хабарлама жібердік. Жергілікті бюджетте кызметтерді төлеуге қаражат жоқ. Біз қызмет көрсетушілер мен ата-аналар алдында адал болдық, - деді Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуінде.
Қала әкімі тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған спорт секциялары бойынша қалалық бағдарламаны әзірлеуге тапсырма бергенін атап өтті.
«Мен орынбасарым Арман Қырықбаевқа бағдарламаны дайындауды тапсырдым. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балаларға бағытталады», - деді әкім.