Мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға бірдей шарттар қойылады
Балабақшалардың 95 пайызы мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау жүйесіне қолдау көрсетіп отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференция аясындағы панельдік сессияның жалпы отырысынды айтты.
Жеке ұйымдар қауымдастықтарының басым көпшілігі бұл бастаманы қолдайды, толық қолдайды. Жақында ғана Amanat партиясы жанындағы комиссияның отырысы өтіп, лицензиялауды енгізу мәселесі қаралды. Меніңше, осы отырыста мектепке дейінгі ұйымдардың қауымдастықтары мен жекеменшік балабақшалардың құрылтайшыларының өздері, мемлекеттік балабақшалар бұл бастаманы қолдап қана қоймай, мемлекет осы рәсімге жауапкершілікпен қарап, оны енгізуі тиіс деп нақты айтқан болатын, – деді министр.
Сонымен бірге ол лицензиялауды енгізу кезінде мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бірдей талап болатындығына ерекше назар аударды.
«Бұл жерде тәуекелдерді ескеруіміз керектігі түсінікті. Кезеңділік, балабақшалар орындай алатын критерийлер мен біліктілік талаптары болуы керек. Белгілі бір көршілес елдерде бар критерийлерді қоя алмаймыз. Өйткені, бізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды төмендетпеу міндеті тұрғанын байқап отырмыз. Демек, мектепке дейінгі ұйымның ғимараты міндетті түрде меншікте болуы керек деген мәселені ешкім көтермейді. Бірақ, енді балаларды терезесі жоқ, желдетілмейтін жертөледе тәрбиелеуге жол берілмейді, яғни оларға өте қолайлы жағдай жасалады. Дегенмен, кейбіреулер айтып жүргеніндей ешқандай қатаң іс-шаралар болмайды. Талап ақылға қонымды, сайма-сай және қолжетімді болады», – деп атап өтті Аймағамбетов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов оқу мерзімін ұзартуға қатысты пікірін жарияладық.