Трагедияны танымай, фарс жасағандарыңа жол болсын дейді
«Жаралы желтоқсан» кітабының авторы, қоғам қайраткері Аманғазы Кәріпжан «Абай» мемлекеттік сыйлығына түскен белгілі жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» шығармасына әділетсіздік жасалды деп отыр.
«Қазақтың талантты қызы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжанмен әртүрлі шығармашылық және қоғамдық жиындарда жиі кездесіп, пікіріміз де үйлесіп жатады. Бұл жазушының шығармашылығын әдеби орта әлдеқашан мойындап қойған. Тіпті оқырмандарының ризашылық пікірлерінен әлеуметтік желілерде көз сүрінетін кездер болады. Қазаққа кең танылған қаламгер. Әсіресе, қызу пікірталас тудырып, жұрт ықыласын өзіне аударған «Қасірет пен тағдыр» – атына заты сай, толыққанды шығарма. Көркем образдың жүйелі жиынтығы ғана емес, қоғамдық ой-өрістің де шыңына шыққан, тарихқа танымдық деңгейде көзқарасын білдіріп, түйінді пікір айтқан туынды ретінде кез келген сыйлыққа лайық деп бағалаймын және қолдаймын», - деп жазды ол.
Сондай-ақ кітаптың сыйлыққа ұсынылып, екінші кезеңге өтпей қалғанына қатысты өзге де желі қолданушылар пікір білдіріп, ойын жеткізген.
«Ұлы Абайдың, Шәкәрім мен Әуезовтің кіндік қаны тамған қасиетті өлкеде атом бомбасының сыналуы, даланың тоз-тозын шығару, ұрпақтың ауру болып тууы және басқа да сұмдық мағлұматтарды оқып, күйіндім, жыладым», «Әділеттілік орнап, бұл кітап Мемлекеттік сыйлықты алса екен», «Мемлекеттік маңызы зор мәселеде мүлт кетуге болмайтынын білмейтін бе едіңдер? Мүңкіген мүдделерің соңғы сенімді мертіктіріп, ұлттық ұятты ұлытып қойды. Трагедияны танымай, фарс жасағандарыңа жол болсын», - деген сыңайда қаламгерді қолдаушылар көңіл-күйін білдіріп жатыр.