Жалғыз білім ошағына бала сыймайтын болғандықтан, мектепке дейінгі даярлық сыныптары жабылып қалған
Елордадағы «Заречный» тұрғын алабына мектеп жетіспейді. Бір ғана 400 орындық білім ошағында қазір 800-ге жуық бала оқып жатыр. Оның салынғанына 35 жыл болған.
«Заречный» тұрғын алабының тұрғындары «бізге үй емес, бірінші мектеп пен балабақша керек» дейді. Өйткені ол аумақта қазір тұрғын үйлер салынып жатыр. Ал ондағы жалғыз білім ошағына бала сыймайтын болғандықтан, мектепке дейінгі даярлық сыныптары жабылып қалған деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Тұрғындар бұл мәселені Мәжіліс депутаттарына да жеткізген. Ал олар халық пікіріне құлақ асып, жүйелі жұмыс атқарамыз деп уәде беріп отыр.
«Бұл аймаққа бір мектеп жеткіліксіз. Әрине барлық проблемалардың шешу жолын ойластырамыз. Қыркүйекте жұмысқа шыққанда әр мәселе бойынша жеке-жеке жұмыс істейтін боламыз», - деді депутат Елдос Абақанов.