Өсімдіктің бұл түрінің әлі де жойылу қаупі бар
Жамбылдық полицейлер Қызыл кітапқа енгізілген 20 тонна өсімдікті Қазақстан шекарасы арқылы тасымалдауға әрекет жасаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Биылғы 1 ақпанда Қордай ауданының «Қарасу» көлік өткізу бекетінде Жамбыл облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты 2038 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында заңсыз кесілген және пайдалануға тыйым салынған сүректі (сексеуілді) тасымалдаған адамды анықтап, құрықтады.
Ол 33 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Аталған дерекке қатысты қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақ болып саналатын 20 тонна сексеуіл тәркіленді. Сондай-ақ сот-биологиялық сараптама тағайындалды, – дейді Жамбыл облысының полиция департаменті.
Қылмыстық кодекс талаптары бойынша, аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп және бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сексеуілдің әлі де жойылып кету қаупі бар. Сондықтан мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі осы өсімдіктің барлық түрін отауға 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған.