Қалалардың ластануы: Қазақстан бұл рейтингте нешінші орында тұр
Ең таза ел Финляндия екен
Қалалардағы экологияның ластануы бойынша әлем елдерінің рейтингінде Қазақстан 33-орында (жалпы рейтингте 115 орын бар) тұр. Ластану индексі – 73,4. Индекс неғұрлым жоғары болса, жағдай соғұрлым нашар деген сөз, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Былтырғы қорытындыға сәйкес, елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі инвестициялар 163,9 млрд теңгені құрады. 2020 жылға қарағанда 4,3% қосылған. Инвестицияның көбі Жамбыл облысына бағытталған: 52,8 млрд теңге — бір жыл бұрынғыға қарағанда төрт есе көп. Одан кейін елорда (26 млрд теңге, бір жылдағы өсім – жеті есе) мен Ақтөбе облысы (19,8 млрд теңге, өсім – екі есе) тұр. ТОП-5 өңір қатарына Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары енді. Ең аз күрделі инвестиция бұйырған – Алматы облысы: 579,6 млн теңге. Солтүстік Қазақстан облысында бұл секторда күрделі инвестиция байқалмады.
Камерун, Моңғолия әрі Мьянма – қалаларының ауасы ең лас үш ел. Ал Финляндия ең тазасы, онда индекс – небәрі 12,1.
Рейтингке қатысқан ТМД елдері арасында Молдова, Украина, Ресей, Армения мен Беларусьте жағдай бізге қарағанда жақсы. Ал Әзербайжанда нашар, – делінген ақпаратта.