×

Қазақстанда мектеп, колледж және балабақша директорларын ротациялау институты пайда болды

Бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады

көрнекі фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау қағидалары Әділет министрлігінде тіркелді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Осылайша, білім беру жүйесінде мектеп, колледж және балабақша директорларын ротациялау институты пайда болды.

Білім беру саласында он мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Басшылардың көбі мерзімсіз еңбек келісімшарттарын жасасқан. Бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұмыс істейтіндер аз емес.

Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін және мектеп, колледж, мектепке дейінгі немесе қосымша білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосатын басшылар бар. Дегенмен, 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар.

Егер басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін, - деп жазды министр.

ЕРЕЖЕДЕГІ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАР:

Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.

Бұл ретте, осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.

Алайда, егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.

Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:

  • ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;
  • ротация бір елді-мекен аумағында жүргізіледі;
  • ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;
  • ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені комиссия қарайды, ал ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік мониторинг жүргізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама