Halyq Uni логотип
×

Алматыда әкесі баласын намаз оқымаған үшін соққыға жыққан

Алатау ауданының полиция бөлімшесіне 3 рет арыз түскенмен, олар күдіктіні қамауға алмаған

 Динара Амантай 17.08.2022 | 16:23
Алматыда әкесі баласын намаз оқымаған үшін соққыға жыққан
Фото: Halyq Uni

Алматы қаласының тұрғыны Айдын Құрманбеков өзінің 17 жастағы баласын намаз оқымағаны үшін әбден ұрып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған.

Осы оқиғаға байланысты Алатау ауданының полиция бөлімшесіне 3 рет арыз түскенмен, олар күдіктіні қамауға алмаған. Тек белгілі заңгер Айгүл Орынбек Facebook-тегі парақшасында осы жағдайға қатысты жазба жариялағаннан кейін ғана бұл істі Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы бүгін қатаң бақылауға алған көрінеді. Өйткені соққыға жығылған баланың ағасы полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне шағымданып, заңгерден көмек сұраған.

Менің Әйбек деген інімді Айдын Құрманбеков деген деструктивтікті ағымдағы әкесі өлімші етіп сабап, бас сүйегін сындырып жіберген. Әділдік бар ма? Заявление жазылған, інім реанимацияда жатыр, ал РОВД-ға түскен әкесі бостандықта тайраңдап жүр. Мен тек әділдікті калаймын. Сізге юрист ретінде әділдік іздеп хабарласып тұрмын. Көмек берсеңіз, – делінген заңгерге жазған ағасының хатында.

Айгүл Орынбек осындай тұрмыстық зәбір көрген әлсіз адамдардың неліктен өздерін қорғауға тиіс тәртіп сақшыларынан қолдау таппай, қоғам белсенділеріне жүгінуі керектігіне қынжылыс білдірді.

«Әділдікке жету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтылу үшін халық қоғам белсенділеріне шығып көмек сұрайтын болса, бізге полиция қызметкерлерінің не қажеті бар?! Сонда қылмыстық іс әлеуметтік желіге шығып кетсе ғана қатаң бақылауға аласыңдар ма? Қанша іс осылай қаралмай, қысқарып кетіп жатыр, Алматы қаласының полиция департаменті?!» деп жазды Айгүл Орынбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама