Биыл Түркияға көшіп кеткен қазақстандықтар 1,5 мың үйдің кілтін алған
Есесіне өзіміздің ел ішінде ай сайын сатып алу-сату келісімдері төмендеп барады
Қазақстандықтар Түркияның тұрғын үй нарығын дамытып жүр. Олар жыл басынан бері 1,5 мың баспананың кілтін алған деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.
Елдің статистика институты әсіресе маусым айындағы көрсеткіш 2 есе артқанын мәлімдеп отыр. Есесіне отандастарымыз өзіміздің ел ішіндегі баспанаға сұранысты азайтқан. Ай сайын сатып алу-сату келісімдерін рәсімдеу көрсеткіші төмендеп жатыр.
Қазір кей компаниялар түрлі акциялар ұйымдастырып, жағдайды реттеуге тырысып әлек. Бірақ оған нарық ырық берер емес. Өткен айда құрылыс материалдары тағы қымбаттаған. Әзірге тек кірпіштің бағасы өзгермепті.
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы мегаполистердегі ахуалға шолу жасағанда, елордада эконом санатындағы үйлер ғана баға бойынша халыққа қолайлы болып шыққан. Ал Алматыдағы үйлер қымбат, 1 шаршы метрі – 521 мың теңге шамасында. Ең қолжетімді баға Шымкентте тіркелген. Ондағы пәтердің шаршы метрі – орташа алғанда, 354 мың теңге.
Бір қызығы, Түркияда да құрылыс материалдары 2 есе қымбаттаған. Соған қарамастан, маусымда риэлторлар шетелдіктерге 81 пайызға көп баспана сатыпты.