Пәтерлер су астында қалды
Әлеуметтік желіде Өскемендегі жаңа тұрғын үйлердің бірінің төбесі опырылып, пәтерлердің су астында қалғаны жайлы видео пайда болды, деп хабарлайды Halyq Uni Altaynews.kz басылымына сілтеме жасап.
Аталмыш оқиға Әл-Фараби даңғылы, 38/3 мекенжайында болған. Белгілі болғандай, 3 ақпан күні таңғы уақытта ыстық су құбыры жарылып, пәтердің төбесі құлап, барлығы су астында қалған. Сондай-ақ бір емес, төрт бірдей пәтер зардап шеккені анықталды.
Қаланың Тұрғын үй қатынастары бөлімі туындаған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Бұл үйге «Өрлеу»ЖК қызмет көрсетеді. 1 ақпанда тұрғындардың бірінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты ыстық және суық сумен жабдықтауды сөндіруге өтінім түсті. Алайда жұмыс аяқталғаннан кейін су крандары жертөледе ашылып, үйдің төбесінде ашылмай қалған. Соның салдарынан №25, 20, 15 және 10 пәтерлерді су басты. Оқиға орнында тексеру жүргізіліп, акт жасалды, - деді Тұрғын үй қатынастары бөлімі.
Бұған қоса осы пәтерлердің тұрғындарына «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң түсіндіріліп, келген залалды анықтау үшін тәуелсіз сараптама жалдау, содан кейін «Өрлеу» ЖК-ға сот тәртібімен талап арыз беру ұсынылды.
Бұл Өскемендегі жаңа тұрғын үйлерде болған алғашқы жағдай емес екен.