×

60 млн теңге: қажылыққа барамын деп қаржысынан айрылғандар бас көтерді

Қазір полицейлер алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр

 Еркеғали Болатұлы 17.08.2022 | 11:42
фото: дереккөз

Алматыдағы ER-Alico Rauda туристік компаниясына қатысты алаяқтық бабымен тергеу жүріп жатыр. 20-дан аса адам аталмыш туроператорға жалпы көлемі 60 миллион теңге беріп, бес парызының бірін орындамақшы болған деп хабарлады КТК телеарнасы.

Ал жеме-жемге келгенде компания клиенттерін не Меккеге апармаған, не ақшасын қайтармаған. Киелі жерге барып, құлшылық етемін деп тақырға отырған жұрт туристік агенттік кеңсесінің алдына жиналып, шу шығарды.

Пайғамбар жасынан асқан Ғұламсахи Айтқожа зайыбымен бірге өмір бойы үлкен қажылыққа баруды армандап, көп жыл қаражат жинаған. Биыл дүйім туған-туыс пен ауыл-аймақ жұмылып, жетпеген ақшаны қарияға жиып берген. Сөйтіп зейнеткер әйелімен бірге бес парызының бірін орындамақшы болып, осыдан үш ай бұрын туристік компанияға 4 миллион 400 мың теңге беріпті. Алайда сол уақыттан бері не қасиетті мекенге жете алмай, не қомақты қаражатын қайтара алмай жүр.

Умраға бармадық. Алланың қарызынан құтылайық деп ниет қылғанбыз ғой. Міне, ақыры бишара болып, жүгіріп жүрміз. Ақшамыз, баратын есігіміз жоқ. Үйге барайық десек, туысқандар мен кешегі ақша берген адамдар келіп, «не қылдыңдар?» дейді. Не дерімізді білмейміз. Ұялғаннан намаздан да қалдық, мешітке де бара алмайтын болдық, - дейді Ғұламсахи Айтқожа.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп, қолына плакат ұстап, туристік компания кеңсесінің алдына жиналған жұрттың әрқайсысы ақсақал сияқты қажылыққа барамын деп қаржысынан қағылғандар. Айтуларынша, Er-Alico Rauda туристік компаниясына жалпы 60 миллионға жуық теңге берген 23 адам тақырға отырған.

Алғашында танысып, ақшамызды өткізген кезде бұл кісі: «біз алдамаймыз, ІІМ-нің зейнеткерімін, отставкадағы полковникпін» деп мақтанып айтатын. Талай рет Умраға барғанмын, қажылық өтегенмін, намазханмын дегеннен кейін бәріміз сеніп қалдық, пенде болғаннан кейін, - дейді Марат Уәлиев.

Ашуға булыққан қараша бет алған туроператор кеңсесінде басшысы болмай шықты. Үйіліп жатқан қораптарға қарағанда, жақын арада көшуді жоспарлаған сыңайлы. Тіпті компанияның аты жазылған плакатты да жиып қойған. Агенттіктің басшысы кеңсесінде болмаса да ұялы телефонын бірден көтерген. «Алматыда емеспін» деген ол проблеманы өзге компанияларға сілтеумен болыпты. Ал қаражатты осы айдың соңына дейін толық қайтармын деп отыр.

Олар бөліп-бөліп қайтарып жатыр. Анау мен келіскен қаражатты алған компания адамдарды алып кетпеді. Маған ұшаққа, басқаға төледік, сіздің қаражат толық түспеді дейді. Бірақ оларға толық төленген. Солар қазір қаражатты қайтарып жатыр. 20 мың 800 доллар қайтарды. Әнеугүні қажылардың өздері көрді, 10 қажы алды. Енді қалған қажыларға қайтарамыз, - дейді ол.

Екі ай бойы құрғақ уәдеге тойған жұрт сылдыр сөзге сенуден қалған. Себебі, компания басшысы «бір бөлігі қайтарылды» деп айтып отырған қаражат ешкімнің де қолына тимеген көрінеді. Қазір полицейлер алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Егер қылмыс анықталатын болса, компания басшысы 3 жылдан 12 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты полиция басқармасына жергілікті 6 тұрғын шағымданған. Олар сол келісімшарт талаптарын орындамаған фирманың жетекшілеріне шағым түсірді. Алаяқтыққа қатысты бұл дерек ҚК 190-бабының нормаларымен бірыңғай соталды тізіміне енгізіліп, қазір арнайы жедел іздестіру тобы құрылды. Ол азамат кім болса да, бұрын-соңды қай жерде жұмыс істесе де, егер заңды бұзған болса, міндетті түрде заң шеңберінде жауап беретін болады, - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жылда қасиетті жерге апаратын туристік компанияларды іріктеуден өткізіп, талаптарға сай келетіндерге ресми түрде рұқсат береді. Сөйтіп мүфтият белгілі бір туроператорларды ғана халыққа ұсынады. Мәселен, биыл қажылықпен айналысуға тек 14 туроператорға рұқсат берілген. Басы дауға қалған Er-Alico Rauda компаниясы оның ішіне кірмеген. Сондықтан қасиетті жерге баратын кезде де туроператорларды жіті тексеріп, сақ болған абзал.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама