Дәрігерлер қан қысымын төмендететін пайдалы өнімдерді атады

Динара Амантай

Мұндай қорытындыға Амстердам университеттік ауруханасының дәрігерлері келді

Фото: Halyq Uni

Жоғары қан қысымы немесе гипертония адамның қан қысымы қалыпты деңгейден жоғарылағанда дамиды. Артериалдық қан қысымын өлшегенде қан тамырлары арқылы қанша қан өтетіні және жүрек жұмысы барысында қан қандай кедергіге тап болатыны есепке алынады. Жоғары қан қысымы көп жағдайда инсульт немесе жүрек талмасына әкеліп соғады.

Осыған байланысты дәрігерлер аурудың алдын алудың маңыздылығына ерекше назар аударып отыр. Жақында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әйелдердің калийді тұтыну арқылы жүрек-тамыр жүйесін айтарлықтай қорғай алатыны анықталды. Мұндай қорытындыға Амстердам университеттік ауруханасының дәрігерлері келді, деп жазады MedikForum.

Әйелдерде калий қабылдауды арттыру қан қысымын төмендетуге көмектеседі. Алайда зерттеу нәтижесінде ер адамдарда калий мен қан қысымы арасында ешқандай байланыс табылған жоқ, – делінген зерттеу материалында.

Мамандардың пікірінше, калийді ұзақ уақыт бойы көбірек тұтынған әйелдерде жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі 11 пайызға төмендеген.

Калийдің бұндай әсері оның бүйрекпен және натриймен әрекеттесу арқылы қан қысымын төмендетуге көмектесетінімен түсіндіріледі. Ол әртүрлі тағамдарда кездеседі: мысалы, орташа көлемді бананда шамамен 422 миллиграмм калий бар. Банандардан басқа, авокадо, өрік, сәбіз, қызанақ пен жаңғақ та калийге бай.

Материалда берілген ақпаратты дәрігердің нұсқаулығымен теңестіруге болмайды. Шешім қабылдамас бұрын маманмен кеңескеніңіз абзал.