Halyq Uni логотип
×

«Келген қонақ арақ дәметпейді»: СҚО-да 20 жылдан бері ішімдік сатылмайтын ауыл жұрты құпиясын бөлісті

Теңдік ауылында кейінгі бес жылда бір заңбұзушылық тіркелген

 Самат Жақып 17.08.2022 | 10:37
«Келген қонақ арақ дәметпейді»: СҚО-да 20 жылдан бері ішімдік сатылмайтын ауыл жұрты құпиясын бөлісті
Halyq Uni / Samat Zhaqyp

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылының тұрғындары арақ-шараптан түбегейлі бас тартқанына 20 жыл болды. Сол уақыттан бері ауылдағы дүкендерде арақ сатылмайды, дастарханға ішімдік қойылмайды. Халық салауатты өмір салтын ұстанады. Соның арқасында кейінгі 5 жылда ауылда бір ғана заңбұзушылық тіркелген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Теңдік – Петропавл қаласынан шамамен 170 шақырым жерде орналасқан елді мекен. Қазір мұнда шамамен 300-ден астам адам тұрады. Дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайды. Ауылда арақ-шараптан бас тарту туралы бастаманы ақсақал, қажы Орынбай Әлжанов көтерген.

«2000 жылы қасиетті Рамазан айында марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі халыққа үндеу жасады. Барлық мұсылман қауымын 30 күн оразада арақ-шарап ішпеуге шақырған еді. Біздің Теңдік ауылы бұл бастаманы қолдап кетті. Арақ атамыздан қалған ас емес. Ойлана келе, ішімдіктен бас тартуды ұйғардық. Халыққа ауылда енді ешқашан арақ сатылмайтынын жарияладық. Содан бері ішімдік қойылмайды, келген қонақ та арақ дәметпейді», - дейді Орынбай Әлжанов.

Айтуынша, келген қонақ та ауылдың ішкі заңын біледі. Оған үйреніп те кеткен.

Ішімдік жүрген жерде дұға-тілек те қабыл болмайды. Арақтан бас тартқаннан зияндық көрмедік, керісінше берекеміз артты. Қазақ халқы қариясын сыйлайды ғой. Жаңа тәртіпке ешкім қарсы келмеді. Ешкімді қинаған жоқпыз, бәрі өз еркімен бас тартты, - дейді ақсақал.

Ауыл округінің әкімі Ержан Қасқұлақовтың сөзінше, ақсақал Орынбай Әлжанов ауылда мешіт салған. Артынша үндеу жасаған. Дегенмен жергілікті дүкендерде алкогольдік ішімдікті сатуға тыйым салынбаған. Алайда ауыл тұрғындары өзі бас тартқан. Яғни, мұнда қазір ішімдікке сұраныс жоқ.

«Қазір ауылда жұмыссыз жүрген адам жоқ. Барлығы еңбек етеді. Халықтың 40 пайызы көрші ауылда жұмыс істейді. Ауылда мал шаруашылығы бар. Біраз азамат сол жерде жұмыс істейді. Жастар спортпен шұғылданады, бос уақытта алаңда футбол ойнайды», - дейді Теңдік ауыл округінің әкімі.

Теңдік ауылында оңтүстік өңірден көшіп келген отбасылар, Моңғолиядан қоныс аударған қандастар тұрады. Барлығы мал ұстайды.

«Күйеуіммен бірге осыдан 4 жыл бұрын осы ауылға арнайы көшіп келдік. Жолдасымның достары оны жұмысқа шақырды. Қазір күйеуім механизатор болып жұмыс істейді. Осы тыныш ауылға келгенімізге еш өкінбейміз. Ең бастысы бала-шаға ғой. Бала-шағаның тыныштығын ойлап келдік. Мектеп бар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Көршілер де жақсы адамдар. Бұдан артық бізге не керек?»,- деді Ләззат Алпысова.

Нәтижесінде 2002 жылдан бері ауылда төбелес шықпаған, ерлі-зайыпты ажыраспаған. Жол апаты да болмаған. Тек кейінгі бес жыл ішінде бір ұрлық әрекеті тіркеліпті.

«Менің округімде үш елді мекен бар. Олар – Теңдік, Қантемір және Котовское ауылы. Теңдіктен полицияға арыз мүлде түспейді. Қылмыс болмайды. Тұрғындар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Теңдік – Солтүстік Қазақстан облысындағы ең тыныш ауыл»,- дейді Тайынша ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жамбыл Қайыров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама