Сот үкімімен олар 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын
Ақтөбе қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Жангелді Әубәкіров сотта ақталып шықты.
Еске сала кетсек, шенеунік пен тағы 4 айыпталушыға қатысты шулы қылмыстық іс 2 жылға созылған еді. Әкімнің бұрынғы орынбасары 2020 жылдың сәуір айында қамауға алынып, оған қомақты қаражатты жымқырды деген айып тағылған болатын.
Сол 90 миллион теңге көлеміндегі қазына қаражаты жаңа жылдық шыршаны безендіруге бөлінген. Бірақ оған шенеунік қымбат шетелдік көлік мініп, қалған ақшаны сыбайластарымен қолды қылды деп айыпталды. Бұл іс бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов, екі мердігер мекеме басшысы да қамауға алынды. Жаз айында сот үкімімен екі шенеунік 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін дәлелдердің жеткіліксіздігін алға тартып, Жоғарғы сот қылмыстық істі қайта қарауға жіберді. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ақтау үкімін шығарды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен Әубәкіров, Досов, Дүйсенбі, Жанасбаев және Мұстафинге қатысты жеткілікті дәлелдемелер ұсынбағандықтан, сот сотталушыларды кінәсіз деп танып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуының дәлелденбегені үшін ақтады», - деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева.