Әкімдіктер оқыту процесін ұйымдастыру үшін уақытша сабақ өткізетін орындарды анықтауы қажет
Бүгін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 48 мектептің жаңа оқу жылына дайын емес екенін мәлімдеді. Себебі күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаған.
Жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің саны бойынша көш басында Батыс Қазақстан облысы тұр. Ондағы 12 білім ошағында 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылмайды. Сондай-ақ Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарындағы мектептерде жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін созылуы мүмкін.
Осыған орай әкімдіктер оқыту процесін ұйымдастыру үшін уақытша сабақ өткізетін орындарды анықтауы қажет. Білім ошағының жетіспеуі мәселесінің өзектілігі сонша, қазір Алматы облысының өзінде жыр болған үш ауысымды мектептің 56-сы жұмыс істеп тұр. Оны шешу үшін мектептерді уақытылы салу жоспары орындалуы керек.
Министрдің айтуынша, әйтеуір, биылғы жаңа оқу жылында 900 мыңдай бала бір мезгіл тегін тамақпен қамтылады екен.