Шымкентте жалған учаскелік полицей ұсталды
Күдікті инспектор куәлігін қолдан жасаған
Шымкентте полицейлер жалған учаскелік инспекторды ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisiа.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, мегаполистегі Республика көшесінің бойында жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде олардың назарын формадағы жас жігіт аударған.
Тәртіп сақшылары күдіктіні тексеру барысында одан Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасы ЖПҚБ учаскелік инспекторына тиесілі жалған қызметтік куәлікті тәркілеген. Сондай-ақ, тергеу барысында ер адамның форманы қаладағы дүкендердің бірінен алғаны анықталды.
Аталған факті ҚК-тің 390-бабымен (Билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды адамның атағын өз бетімен иемденіп алу) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті куәлік мұқабасын сатып алып, кейіннен полиция қызметкері куәлігінің үлгісін алып, соған үйлестіре өз атына жасаған. Құжатта өзін учаскелік полиция инспекторы деп көрсеткен, – делінген хабарламада.
Ұсталған азамат бұрын-соңды сотты болмағаны белгілі болды. Ол Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті кінәсін толық мойындап отыр.
Сондай-ақ, полицейлер азаматтың тәртіп сақшысының формасын не үшін және қандай мақсатта кигенін анықтап жатыр.