Қазір оған төрт рет ота жасалған, алда тағы жасалады
НеМолчи қорының басшысы Дина Таңсәрі Павлодарда 16 жастағы жетім қыздың зорланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қыз зорлық-зомбылыққа шыдамай, 10-қабаттан секіріп кеткен.
Қызды алдап пәтерге кіргізіп, зорлаған. Ол мұны көтере алмай, терезеден секіріп кеткен. Ең сорақысы, бұл қыз – тұл жетім, Павлодардағы балалар үйінің тәрбиеленушісі. Бізге оның әпкесі шағымданып, жалғыз жақыны екенін айтты, – деп жазды қоғам белсендісі Facebook-тегі парақшасына.
Апалы-сіңлілер 2009 жылдан бері жетімдер үйінде тәрбиеленген. Ал аналары 2010 жылы ата-ана құқығынан айырылған. 2012 жылы көз жұмып, қыздар тұл жетім қалған.
Сонымен, биіктен құлаған қыз тірі қалып, ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан.
Омыртқасы сынып, ішкі азғаларына зақым келген. Ішкі құрылысы қабынғандықтан, бұл ми жұмысына әсер етеді. Сондықтан көру қабілетінен және жадынан айырылды. Қазір оған төрт рет ота жасалған. Алда тағы жасалады, – дейді Дина Таңсәрі.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, қызды зорлау дерегіне қатысты күдіктілер ұсталған.
«Қазір Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 3-1 бөлігі («Зорлау»), 105-бабы («Өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу») және 121-бабының 3-1 бөлігі («Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу ерекше бақылауға алынды», – делінген хабарламада.