Ақтөбе облысында 7-сынып оқушысы Ойыл өзенінің болашағына қатысты ұсынысын айтты
Оқушының айтуынша, бүгінде Ойыл өзені жер бетінен жойылудың алдында тұр
Өзін Әлім Сырлыбайұлы Мұстахим деп таныстырған Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Құрман орта мектебінің 7-сынып оқушысы Halyq Uni редакциясына жүгініп, Ойыл өзенінің қазіргі жағдайына қатысты уайымын жеткізді.
Оқушының айтуынша, бүгінде Ойыл өзені жер бетінен жойылудың аз-ақ алдында тұр.
Ойылдың суы соңғы рет 2016 жылы көтерілген, одан кейін өзен суы тек тартылумен келеді. Бұл өзен болашақта бола ма, болмай ма деген сұрақ туындап отыр. Біздің ұрпағымыз бұл өзенді көре алмау қаупі бар, - дейді мектеп оқушысы хатында.
Әлім Мұстахим өзенді құтқару мақсатында пікірін ашық айтып, Ойылдың тағдырына қатысты 5 түрлі ұсынысын «Ақтөбе облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жеткізуді сұрады.
Мектеп оқушысының өзенді сақтап қалуға қатысты бес ұсынысы:
- Ойыл өзенінің бойында орналасқан заңсыз бөгеттерді тез арада бұзу;
- Бұлақ көздерін еріктілер арқылы тазартуды ұйымдастыру;
- Өзен аңғарына жақын орналасқан жеке қожалықтарды өзеннен бір-неше шақырымға кейін орналастыру;
- Ойыл өзені қалпына келгенше суармалы егіншілікті және баубақшаны тоқтатуын қадағалау;
- Ойыл өзеніне жақын орналасқан елді мекендерден еріктілерді ұйымдастыра отырып, өзен жағалауларын тазарту.
Жалпы, Ойыл өзенінің тағдырына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бастауын Мұғалжар тауындағы еріген қар суы мен бұлақ көздерінен алып, жауын-шашынмен арнасын кеңейте ағатын Ойыл өзені бұрын Жайық өзеніне келіп құятын болған. Қазір өзен Жайыққа келіп құймақ түгілі Тайсойған құмында бірнеше тармаққа бөлініп, арналары үзіле ағады.
2021 жылдың қыркүйек айында Экология министрлігі Ойыл өзеніне талдау жүргізіп, өзен суы 233 млн текше метрге (25%) дейін төмендегенін мәлімдеді.
Halyq Uni редакциясы 7-сыныпта оқитын Әлімнің өтінішін тиісті мекемелерге жіберіп, Ойыл өзеніне қатысты ведомство басшыларының жауабын білмек.