Сарығашта халықаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды
Ер адам шекара арқылы Өзбекстанға өтпекші болған
Сарыағашта халықаралық іздеуде жүрген ресейлік азамат қолға түсті. Бұл туралы ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық порталы хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Сарыағаш АПБ-мен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматын ұстады.
Анықталғандай, күдікті РФ Самара қаласында бөтеннің мүлкін ұрлаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полицейлер күдіктіні Сарыағаш ауданынан ұстады. Ер адам шекара арқылы Өзбекстан Республикасына өтпекші болған, – делінген хабарламада.
Қазір күдікті УҰИ-ға қамалды.
Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
Сонымен бірге Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының полицейлері жыл басынан бері халықаралық іздеу жарияланған 7 қылмыскерді ұстағаны белгілі болды.