Елімізде аутизммен ауыратын балалар 5 есе көбейген
Осындай диагнозы бар балғындар бұдан да көп болуы мүмкін
Ел ішінде аутизммен ауыратын балалар саны 5 есеге көбейген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осыдан 5 жыл бұрын аутизм диагнозы қойылған баланың саны 220 болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1200-ге жуықтаған. Дегенмен жауаптылар аутизммен ауыратын баласының бар екенін жасыратын ата-аналардың да бар екенін айтады. Сондықтан бұл статистика ресми көрсеткіштен бірнеше есе көп болуы да бек мүмкін, дейді Halyq Uni тілшісі Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Жылдар бойы аутизммен күресіп келе жатқан елордалық аналардың бірі Жанна Қалиева дертке ақыры мойынсынғанын айтады. Оның 14 жастағы қызына аутизм диагнозы 2 жасында қойылыпты. Айтуынша, бала 2 жарым жасқа дейін өте ақылдылығымен ерекшеленген. Тілі ерте шығып, 2 жасында әріп таныған. Дегенмен аяқ асты бала білгеннің бәрін ұмытып қалған. Сол кезден бастап аутизм терминімен таныстым дейді.
Ол кішкентай кезінде мамандар аз болатын. Қазақстанда мүлдем болмады десем де артық болмас. Сондықтан оқуға тура келді. Алғашында тек қызым үшін оқыдым, ал қазір бұл мамандығымның, кәсібімнің мәні деп білемін, – дейді Қалиева.
Дерттен жазылмайтынын білсем де, қызының жағдайын едәуір жақсарттым дейді ол. Қазір өзі сияқты тағдырлас аналарға көмек беріп жүр. Оның мәліметінше, баласының дертін жасыратын аналар өте көп.
«Мен оларды түсінем, бұл айтарлықтай қиын жағдай. Мен оқыған зерттеуде аутизммен ауыратын балалардың ата-анасының күйзелісін жақын адамының өлімімен бірдей деп санауға болады делінген. Сондықтан олар жария болғысы келмейді. Оған іштей дайын болмауы себеп болып жатады. Мұндай аналар бігзе келіп тұрады», – деді ана.
Министрлік аутизммен ауыратындар саны артқанына алаңдаулы. Қазір дертті ерте жастан анықтауға арналған құрал жабдықтар да жетілген. Сондықтан статистика бірден өсті дейді. Ал ауруын жасыру өз кезегінде кеселдің асқынуына әкеледі деп мәлімдейді.
Осы диагноз қойылған балалар көбейді. Елімізде аутизммен ауыратын балаларға көмек көрсетуді әлі әрі қарай дамыту керек. Шынында, осындай балалар аз болғандықтан, онша көңіл бөлінбеген деп ойлаймын, – деді Республикалық психикалық денсаулық орталығы білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Әбетова.
Дәрігер бұл дерттің алдын алу мүмкін емес дейді. Себебі, әлемде аутизм толық зерттелмеген. Тіпті ерлі-зайыптылардың биологиялық сәйкестігі мінсіз болса да, нәресте дертпен тууы мүмкін дейді.
«Ешбір ерлі-зайыпты бұл дерттің алдын ала алмайды. Өйткені бұл түбегейлі зерттеліп бітпеген. Дәл осы ананың немесе әкенің баласы аутизммен ауырады деп алдын ала болжау және оның алдын алу мүмкін емес. Аутистикалық бұзылулардың өзі өте гетерогенді топ боп саналады. Яғни ол әртүрлі адамда әртүрлі көрінеді», – деді балалар психиатры Татьяна Дегтьярова.
Мамандардың айтуынша, аутизм диагнозы бар балалармен уақытылы жұмыс істеу маңызды. Ерте бастан оның сана-сезімінің дамуына ықпал етсе, олардың қатардағы азаматтардан айырмашылығы болмайды. Бұған қоса болашақ ата-аналар өздерінің денсаулығына, өмір салтына мұқият болғаны абзал деп кеңес береді, – дейді телеарна.