Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында құрылыс компаниялармен жұмыс істелінеді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында жатақхана мәселесін шешудің үш жолын айтты.
Ол алдымен «Қаржы орталығы» АҚ-пен бірнеше шарттың қайтып өзгеретінін, жатақхана салу міндеттемесін 8 жылдан 6 жылға дейін қысқартылатынын атап өтті.
2018 жылдан бастап жатақханалардың құрылысы басталды. «AMANAT» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін 50 мың төсек орын жатақхана салынуы керек. Жыл сайын төсек-орын пайдалануға беріледі. Соған қарамастан, қазіргі біздің министрліктің жүйелі үш үлкен ұсынысы бар. Біріншіден, қазір «Қаржы орталығы» АҚ жеке инвесторлармен жұмыс істейтін қаржы операторы болып саналады. Бірақ, жеке инвесторлар жатақханалар салу мәселесіне күмәнмен қарайды. Құрылыс материалдарының бағасы өсіп кетті. Сондықтан біз «Қаржы орталығымен» бірнеше шартты өзгертіп жатырмыз. Міндеттемелерді 8 жылдан 6 жылға қысқартамыз. Айлықты көтереміз. Бұл – Қаржы министрлігімен пысықтайтын шаруа, – деді ол.
Министр жатақхана мәселесін шешудің екінші жолы – бос тұрған немесе көп пайдаланбайтын қонақ үйлер мен хостельдерге студенттерді орналастыру екенін айтты.
Екіншіден, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жеке қонақ үйлер мен хостелдерді жинап, олармен арнайы келісімшартқа отырып жатыр. Қонақ үйлер мен хостелдерге де ыңғайлы. Біз міндетті түрде оларға 100 пайыздық тапсырыс береміз. Олармен қаржы мәселесі де шешіледі. Осы жобаны өңірдегі университеттермен пысықтаймыз, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол жатақхана құрылысын мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқылы жандандыруға болатынын айтты.
Үшіншіден, әрине, жеке инвесторларсыз бұл мәселе шешілмейді. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында, басқа да шарттар арқылы өңірлік университеттермен бірігіп жатақханалар құрылысын қолға аламыз, – деді министр.
Осы ретте, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұбек осы проблеманы шешу үшін ведомство ірі-ірі құрылыс компанияларымен, өңірлік құрылыс компанияларымен жеке-жеке жұмыс істейтінін айтты.