Мұқтаж азаматтар үйіне газ қосу үшін 410 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек ала алады
Астанадағы тұрмысы төмен отбасылардың үйіне газ тартуға бөлінетін сома 2 есе артып, есептегіштер тегін беріледі. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, елордада үйлерге газ тарту жұмысын жеңілдету үшін осыған дейін бірқатар шаралар қабылданды. Оның ішінде қажетті құжаттар тізімі қысқарып, жағдайы төмен отбасыларға бөлінетін сома 2 есе ұлғайды, есептегіштер (газды есептеу құрылғылары) тегін беріледі. Бұған қоса пайызсыз несие беру бағдарламасы да бар.
Мұқтаж азаматтар үйіне газ қосу үшін әлеуметтік көмек ала алады. Сәуір айынан бастап материалдық көмек көлемі екі есе артып, 410 мың теңгеден (130 АЕК-ке дейін) асты. Осы әлеуметтік көмек бойынша тамыз айында 188 отбасы өтініш білдірді, оның 178-іне тағайындалды. Көмек алғандар арасында зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, көпбалалы отбасылар және т.б. бар. Жалпы сомасы – 62,5 млн теңгеден астам, – деп жазды қала әкімі.
Әлеуметтік көмектің бұл түрін алу үшін өтінімді egov.kz порталы арқылы беру қажет. «Күтіп ұстау» бағанында тұрғын үйді газдандыру бойынша әлеуметтік көмек, ал «алушы» бағанында – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы таңдалуы қажет.
Қала басшысының мәліметінше, Сарыарқа және Алматы аудандары толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. 680 км астам газ тарату желісі салынып, кварталішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарт алды, 4,6 мыңнан астам үй газ құбырына қосылды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар газбен жабдықталды.
Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмысы басталды. Ильинка (Үркер), Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендері, «Family Village», «Garden Village» шағын аудандары және басқасында жұмыс жүріп жатыр. «Шұбар» шағын ауданында жобалау жұмысы басталды.
Ал, Есіл және Байқоңыр аудандарында алдымен жеткізуші газ құбыры, келер жылы кварталішілік желілер салынбақ.