«Жиһадшылар ісі» бойынша 2018 жылы үш адам сотталған
Азаматтық белсенді Кенжебек Әбішевтің әйелі Гүлмира Әбішева күйеуін ақтауды сұрайды. Ол марқұм күйеуі түрмеде жазықсыз отырды деп есептейді және «террорист» деген айып балаларының болашағына кедергі келтіреді деп алаңдайды.
Кенжебек «терроризмді насихаттады» деген айыппен жазықсыз сотталып кетті. Бұл әдейі ұйымдастырылған еді. Енді күйеуімді ақтауын сұраймын. Төрт баламыз бар. Солардың болашағына кедергі болмаса екен деймін, - дейді Әбішева.
Айта кетейік, 2018 жылдың 21 желтоқсанында Кенжебек Әбішев «терроризмді насихаттады» деген айыппен 7 жылға соттаған. 2021 жылдың қазанында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Жазасының қалған бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Алайда ол 2022 жылдың 17 қаңтарында қайтыс болды.
«Күйеуім тірі кезінде өзін және қасындағы серіктерін ақтауды сұрап Бас прокуратураға, Нұрсұлтан Назарбаевқа, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Жазған арыз-шағымы өте көп. Бірақ әзірге олардың ешқайсына жауап келген жоқ... Кенжебек бостандыққа шыққаннан кейін бала-шағасының қасында үш ай ғана болды. Қаңтардағы жағдайды көтере алмай қалды деп ойлаймын», - дейді Әбішева.
Кенжебек Әбішевпен бірге сотталған белсенді Алмат Жұмағұлов та өзіне тағылған айыппен келіспейді. Оның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары жиһадқа шақырып, видеоға түсірген және соны дәлел ретінде пайдаланған.
«ҰҚК агенттері жиһадқа шақырып, видео түсірген. Сол видеоны негіз етіп, бізді негізсіз соттады. Сотта біз оның барлығын дәлелдеп бердік. Видеоға түскен жігіттер қылмыстық істе белгісіз адамдар ретінде қарастырылды. Бірақ біз олардың аты-жөнін, қайда тұратынын анықтадық. Мысалы, видеодағы жігіттің бірі – Айбек Тілеуғазы. Ол «Қалқаман» ықшам ауданында тұрады. Екіншісі – Нұрлан Иманғалиев. Оны да біз анықтап бердік. Бірақ әлі күнге дейін оны ұстаған жоқ. Біз мұның барлығын 2020 жылдың ақпанынан бері жазып келе жатырмыз...», - дейді Жұмағұлов.
Алмат Жұмағұлов 2018 жылы «жиһадшылар ісі» бойынша 8 жылға сотталған. 2021 жылдың 1 қазанында шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.
«Қазіргі билік ақтап шығады дегенге ешқандай үміт жоқ. Күдікті адамдарды анықтап бердік. Тергеушілер істейтін жұмысты біз істедік. Аты-жөні, мекенжайы бар. Бірақ екі жыл өтсе де, ешқандай шара қолданылмай отыр. Біріншіден, біз нақты қылмыскерлердің ұсталғанын қалаймыз. Екіншіден, бізді ақтап шықса дейміз. Бізбен бірге сотталған Оралбек Өміров деген азамат бар. Оның бірінші топтағы мүгедектігі бар. Тергеу кезінде инсульт алып, көзі көрмей қалған. Оралбек Омаров әлі күнге дейін түрмеде отыр. Жақында соты болады, жеңілдік жасап, бостандыққа шыққанын қалаймыз», - дейді Алмат Жұмағұлов.
«ЖИҺАДШЫЛАР ІСІ»
2017 жылдың қарашасында полиция Кенжебек Әбішев, Оралбек Өміров және Алмат Жұмағұловты «терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» ісі бойынша ұстаған.
Сот барысында айыптаушы тарап әлеуметтік желіде тараған видеоны дәлел ретінде ұсынған. Ол жерде үш ер адам бетперде тағып, қарулы жиһадқа шақырған. Прокуратура видео түсіруді Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров ұйымдастырғанын мәлімдеген еді.
2018 жылы Алматы аудандық соты Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміровті 8 жылға, Кенжебек Әбішевті 7 жылға соттаған. Сот оларды «терроризмді насихаттады» және «ашық түрде террорлық әрекетке шақырды» деп айыпталды. Алмат Жұмағұловқа «араздық қоздырды» деген айып тағылған.
Айта кетейік, қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты «саяси тұтқын» деп таныған.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы