Artsport жобасы арқылы мемлекеттен қаржы алатын Алматы облысының кәсіпкерлері әкімдіктен соңғы 3 айда ақша алмаған.
Алматы облысында Artsport жобасы арқылы жұмыс істеп отырған жүздеген кәсіпкер 3 айдан бері әкімдіктен тиісті қаржысын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осыған дейін ваучерлік жүйе бойынша облыста тегін үйірмеге 100 мыңға жуық бала қатысып келсе, соңғы айларда бұл көрсеткіш еселеп қысқарыпты. Ал қаржының жоқтығынан үйірме орталықтары жабыла бастаған. Artsport жобасы арқылы мемлекеттен қаржы алып, балаларды тегін үйірмемен қамтып келген Алматы облысының кәсіпкерлері әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Олардың айтуынша, әкімдік соңғы 3 айға берілетін қаржыны шотқа аудармай отыр. Әр айдың ақшасын тіленіп жүріп сұраймыз дейді.
Бір қайыр тілеп жүрген адам сияқты көрінеміз. Балалар жылында мерекені жетер жеріне жеткізбеді. Маусым, шілде, тамыз айының 6 млрд теңгесі неліктен берілмей жатыр? Бірақ оны қашан, қалай береді? Біз жұмыс істеуге тиістіміз, – деді Artsport edu жеткізушілер қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлжан Түсібиянова.
Облыс екіге бөлінбей тұрғанда өңірде тегін үйірмеге қатысатын бала саны 100 мыңнан асқан. Енді мына олқылықтың кесірінен өнерпаз жеткіншектер қысқарып, қызмет көрсететін орталықтың көбі жабылған. Қаржы уақытылы түспеген соң кәсіпкерлер жалға алған орыннан да, мұғалімдерден де айырылып жатырмыз деген жанайқайын жеткізді.
Баста менде 80-90 бала болған. 100-ге жеткен. Екі үйірмем тоқтап тұр. Домбыра мен ән. Неге десеңіз, ауылға мықты маман әкелу қиын. «Сіздер балалардың арқасында бюджеттік мүмкіндіктеріңді арттырасыңдар» деп бізге үнемі айып тағылады. Кешіріңіздер, мен қарыздан басқа әлі ештеңе көргенім жоқ. Алып отырған орнымыз өте қымбат, – деді Жандосов ауылының артспорт жеткізушісі Айсұлу Қасымбек.
Абыройдан жұрдай болған бағдарламаға ата-аналар сенуден қалған. Кәсіпкерлердің айтуынша, билік өкілдері кінәні өзімізге артып, сағымызды сындырды деп налиды. Олар ата-ана мен балалардан ұялғанынан ғана жұмыс істеуге мәжбүрміз дейді.
Ақылы үйірмеге бергім келді, бірақ менің оған шамам келмейді. Екі балаға бәленбай теңге төлейсің. Менің екі балам домбыра үйірмесіне барады. Басында ашылғанда балаларымыз қалай қуанды. Қазір ауылда тегін үйірме аз, оның өзі жабылады деп жатыр. Ертеңгі күні жабылса, ата-аналар бәрі қарсы шығамыз деп отыр, – деді Сұлушаш Темірбаева.
Әкімдіктегілер дүрліккен елді сабасына түсіріп, түсіндірмекке ішке кіргізді. Спорт пен мәдениет басқармасының басшылары қаржыны дәл бүгін төлеп береміз деп айта алмаймыз. Өйткені бюджетке түсетін жүктеме көп деп ақталды. Оның үстіне 5 айдан кейін қаржыландыру тоқтайды деп ескерту берілгенін айтқан.
Комиссия құрылып, толығымен кәсіпкерлер бойынша есеп жүргізіліп, демалыс күндері есептеп, нақты цифры шыққан соң бюджеттің жағдайына қарай көреміз, мен бірден ақшаны тауып береді деп айта алмаймын. Қосымша басқа программалардан қысқарту есебінен қарастырылатын болады. Келесі жылға қарыз болып шығуымыз да мүмкін, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Төлебекова.
Тоқетері, арнайы комиссия құрылады. Мәдениет басқармасында 800 миллион теңгеден астам қаражат қалған. Бірақ оның қаншасы Жетісуға, қаншасы Алматы облысына берілетіні әзірге белгісіз. Жалпы жыл басында бұрынғы Алматы облысына жобаны жүзеге асыру үшін 2 жарым млрд теңге бөлінген. Кейіннен қосымша 6 млрдтан астам ақша тағы қарастырылып, сома 9 млрд 700 млн теңгеге жетіпті. Енді алдағы айларды толық жабу үшін мәдени үйірмелерге 6 млрдқа жуық, ал спорт секцияларына 2 жарым млрд теңге қосымша қаражат керек.
Мәселе осымен бірден шешілмейтіні анық. 800 млн теңгені бөлуге, қосымша қаржы сұратуға, комиссия құрып, ақ-қарасын анықтауға әлі айлар кететін секілді. Ал оған дейін кәсіпкерлерге жалдаған ұстаздары мен жаттықтырушыларының айлығын ретін тауып өздері төлеп, балаларды таратып жібермеудің амалын ойластыруға тура келеді.