Оңтүстіктегі шалғай аудандарда есірткі өсіріледі – ІІМ

Дәурен Ерболат

Жыл басынан бері 2,2 тонна қарасора тәркіленген

Фото: dsnews.ua

Оңтүстіктегі шалғай аудандарда үнді марихуанасы өсіріледі. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оңтүстік өңірлердегі шалғай аудандарда үнді марихуанасы өсіріледі. Оның сабағы 4 метрге жетеді. Онда күдіктілер тапшылап суару технологиясын пайдаланады. Мұндай алқапқа басқаның назары түспес үшін онда адамдар мамырдан қазанға дейін жұмыс істейді. Оларға азық-түлік пен барлық қажет зат жеткізіліп отырады, - деді басқарма өкілі ІІМ-де онлайн өткен брифингте.

Оның айтуынша, мұндай деректерді анықтау үшін ІІМ арнаулы жасағы Ұлттық ұланмен бірлесіп, арнайы тексеріс жүргізеді.

«Олар тікұшаққа отырып, Қызылорда облысы мен онымен шектес өңірлерді бақылайды. «Қарасора» жедел алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге ҰҚК, Қорғаныс министрлігі және «Ғарыш сапары» АҚ (аэроғарыштық жерді зондтау) күші мен құралдары да тартылады», - деді Данияр Оралов.

Айта кетейік, бұған дейін 12 өңірде есірткі зертханасы жойылғаны хабарланған еді.