Енді ол кеңсеге 9 млн өтемақы төлеу керек
Жақында Маңғыстау облысының соты 3 ақпанда Бейнеу кентінде «Loto club» кеңсесін видеоға түсіріп, өртеп жіберген Әсет Сүлейменов деген азаматқа қатысты шешім шығарды. Сот жиырма жылдан бері құмар ойынға байланған жігітті бес жыл шартты мерзімге соттады.
Әсет Сүлейменов клубты өртер алдында әлеуметтік желіде белсенді болып жүрген еді. Енді 7 айға созылған сот біткен соң, Facebook-ке қайта келіп, соттың шешімі туралы пост жариялады.
7 айға созылған «Loto club» кеңсесінің соты бітті. Алланың қалауымен достарымның, аға інілерімнің, халықтың дұға тілектерінің арқасында бес жыл шартты мерзімге сотталдым. Ең бастысы әке-шешемнің, бала-шағамның, бауырларымның қасындамын. Ендігі алда күтіп тұрған азаматтық сот бар. 9 млн өтемақы төлену керек. Бас аман болсын! Ер жігіттің басында қыл арқан шірімес бұл сынақтан да шығармыз. Қолдау көрсетем деген бауырлар болса Каспи голд номерім осы (87760408540 Асет Сулейменов), – деп жазған.
Бейнеу ауданында Әсет Сүлейменовтың букмекерлік кеңсені өртеп жібергені туралы мәлімет көп жерде жарияланған болатын. Сол кезде ол құмар ойынға барлық ақшасын ұтылып, соңында осындай әрекетке баруға бекінгенін айтқан еді.
Ағайын-туыс, бауырлар, қазақ елі! Мына букмекерлік кеңселер қазақтын түбіне жетті. Осы ойынды ойнап келе жатқаныма 20 жылдан көп уақыт болды. Бұл ауру ма, білмеймін… Осы уақытқа дейін «200 000 000 теңге ұтылдым» деп айтуға болады. Осы құмарлық менің түбіме жетті, – деп жазған болатын Әсет Сүлейменов.
Ол жақындарының бәрін жерге қаратып, бар тапқанын букмекерлік кеңсеге тігіп, «береке таппағанын» айтқан.