Ол еліміздің дамуына бар күш-жігерін арнады
Бүгін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев 76 жасына қараған шағында қайтыс болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балташ Тұрсымбаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Молдабайұлы Тұрсымбаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Балташ Молдабайұлы ұзақ жылдар бойы еңбек жасап, бірқатар жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Қоғамымыздың дамуына бар күш-жігерін арнады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Halyq Uni ақпараттық агенттігінің редакциясы Балташ Молдабайұлы Тұрсымбаевтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтады.
Балташ Молдабайұлы ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бірқатар жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Еліміздің дамуына бар күш-жігерін арнады.
Балташ Тұрсымбаев 1946 жылы 24 қазан күні Ресейдің Омбы облысына қарасты Кіші Боранкөл ауылында туған.
1969 жылы Омбы ауыл шаруашылық институтын бітірген.
1969 жылдан Солтүстік Қазақстан облысында зоотехник, бас зоотехник, Преснов аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
1975 – 1980 жылдары сонда «Жамбыл» кеңшарының директоры, 1980 – 1983 жылдары Бишікөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1983 – 1986 жылдары Целинный аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1986 – 1989 жылы Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, 1989 – 1990 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік агрокешен комитетінің төрағасы болды.
1990 – 1991 жылдары ауыл шаруашылық, азық-түлік және экология жөніндегі Қазақ КСР-і мемлекеттік кеңесшісі, 1991 – 1992 жылдары Қазақ КСР-і премьер-министрінің орынбасары, 1992 – 1993 жылдары Ауыл шаруашылық министрі, 1993 – 1995 жылдары Қостанай облысының әкімі, 1995 – 1996 жылдары ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, 1996 – 98 жылдары Қазақстанның Түрік Республикасындағы төтенші және өкілетті елшісі, 1998 – 99 жылдары ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.
1999 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысты.
Балташ Тұрсымбаев мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін қоғамдық саяси өмірге белсене араласты.