Halyq Uni логотип
×

«Құрылысына – 3 млрд теңге». Талғардың тұрғындары мектептің сапасына наразы

Халық жаңа білім ордасының балаларға қауіпті екенін айтады

 Халық үні 14.08.2022 | 18:04
«Құрылысына – 3 млрд теңге». Талғардың тұрғындары мектептің сапасына наразы
Фото: KRIS_P_TALGAR

Талғар тұрғындары BI Group компаниясы салып жатқан 1200 орынға арналған  №25 қалалық мектептің сапасына наразылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, жаңа ғимараттың сметасы 3 миллиард теңге болғанымен, адамдар балаларын мұнда жібергісі келмейді.

Бұл туралы Instagram-дағы kris_p_talgar парақшасы хабарлады.

Бұл жерге әкімдік мақтанып кімді әкелмеді дейсіз. Бірегей, заманауи 1200 орындық мектеп, деп бөсті. Ал қазір оқушы жинай алмай әлек. «Ерікті түрде міндеттеп» 8- мектептің бастауыш сынып оқушыларын ауыстыру арқылы толтырмақшы. Ал заң бойынша баласы қай мектепке баратынын ата-ананың  таңдауға қақысы бар, –  деп жазды паблик.

Басылым жаңа мектептің кемшіліктерін тізіп берген:

  • Төбенің жұқа болғаны сонша, оның үстінде жүрген жұмысшылар бәрін мыжып кеткен. Демек, шатырдан су ағары сөзсіз;
  • Төбесі ылғалдан қопсып кеткен;
  • Сылақтары қопарылып жатыр;
  • Қабырғалары жарылып, көгеріп тұр;
  • Спорт алаңдары лай, яғни жаңбыр жауған сайын су басып кетеді;
  • Балалардың ойын алаңдарына резеңке төсемек түгілі төсегіш құйылмаған.

Одан да сорақысы – құрылысына үш миллиард теңге кеткен мектептің дәретханасы далада. Бұл ақшаға бірнеше мектепті кеңейтіп, қалған ақшаға ауданның барлық мектептерін жөндеуге болатын еді! Талғар жемқорлыққа батып кетті. Аудан әкімдігі жұмысының сәтсіздігі, - деп жазады басылым.

«Ал ол жаққа оқушылар барғанда не болады? Тіпті екі бүктеліп қалатын шығар? Масқара!» – деп жазады талғарлықтар.

Олар жаңа мектептің дәретханасы сыртта болғанына наразы. Дегенмен, олардың айтуынша, мектептің ішінде де әжетханалар бар.

Сонымен қатар, қала тұрғындарының мектеп қолайсыз жерде – Инкубатор ауданында, айналма жолдың бойында салынғанына да көңілдері толмайды. Тұрғындар ол ауданға қаладан жалғыз автобус қатынайтынын жазған.

Сондай-ақ ата-аналар әлі күнге дейін оқу қай тілде болатын білмей отыр.

Тек қазақ тілінде оқытамыз дейді. Сосын орыстілділерге әлі де орын бар дейді. Құжаттарды қабылдап алған соң, сегізінші мектепке барыңдар дейді. Сонымен қашан бәрі түсінікті болады? Ешімнің шаруасы жоқ, – деп жазды аналардың бірі.

Қала тұрғындары бәріне жергілікті билікті кінәлайды.

«Бұл мектепте әлі ешкім оқымай жатып, жағдайы мынадай. Өз балаларын оқытсын осында», –  деп жанашыр адамдар пікір қалдырған. 

Қысқасы, Талғардың жұртшылығы аудан әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батты деп отыр.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама