Үкімет басшысы мектеп формасы мен канцеляриялық тауарларды қымбаттатпауды тапсырды
Премьер-министр Әлихан Смайылов құзырлы органдарға мектеп формасы мен канцеляриялық тауарлардың қымбаттамауы үшін шұғыл шара қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.
«Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар», – дейді премьер-министр.
Бұл ретте ол бірқатар шұғыл шараларды қабылдауды тапсырғанын айтты.
Біріншіден, мектеп формасына бағаны ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді, — дейді Әлихан Смайылов.
Ал Сауда министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, ірі сауда орталықтарымен және базарлармен канцеляриялық тауарларға, сөмкелер мен аяқ киімдерге және басқа да керек-жарақтарға бағаларды ұстап тұру мәселелерін пысықтамақ.
Жергілікті әкімдіктер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады.
Әкімдіктер аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдарды атаулы көмек көрсету үшін бекітіп беретін болады, — дейді Үкімет басшысы.
Ол бүгінгі таңда мұқтаж отбасыларды қолдау үшін құрылған «Жаппай оқыту» қорына өңірлердің бәрі бірдей қаражат бөліп отырған жоқ деп айтты. Сондықтан әкімдерге аталған жобаны қажетті көлемде қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылғанын жеткізді.