Өзі жұмыс істеген барлық салада көрген-білгенін қағаз бетіне түртіп алып жүрген көрінеді
Қызмет сатысында соңғы рет Жамбыл облысын басқарған экс-әкім Бердібек Сапарбаев «Желмая» бағдарламасында зейнетке шыққан 3 айда немен айналысып жүргенін жеткізді. Айтуынша, ол өзінің мемлекеттік қызметте жинаған 45 жылдық тәжірибесін жастармен бөліскісі келеді екен. Сондықтан жоғары оқу орнында дәріс оқығысы келеді. Одан бөлек, бір кітап жазуды да жоспарлап жүр.
Әсіресе балаларым, немере, ағайын, туысқан, достарға бардым. Әр азамат өзіне ұнайтын жұмыспен айналысуы керек. Сол кезде адам тоқ, болашағы бар әрі бақытты болады. Қанша жыл жұмыс істегенде шамам келгенше халықтың сенімінен шығып, жағдайын жақсартуға тырыстым. Әр нәрсенің өз бастауы мен аяқталуы болады. Одан кейін әр нәрсені уақытында аяқтау керек, мен де солай жасадым. Еңбек еткен 5 өңірде жаман жұмыс істемеген сияқтымын, – деді Бердібек Сапарбаев.
Оның кітап жазғысы келетініне өзінің осы кезге дейін жинаған мұрағаттары сеп болып отыр. Өйткені өзі жұмыс істеген барлық салада көрген-білгенін қағаз бетіне түртіп алып жүрген көрінеді.
«Бастысы, ойлау қабілетімді тоқтатпауым керек. Зейнетке шықтым екен деп үйде отырып қалуға болмайды. Адам үйде отырып қалса, тез қартаяды... Кіммен кездестім, қай жерге барғанымды күнделік ретінде жазып жүретінмін. Қазір соның барлығын топтастырып, қарап, жазып шығуым қажет. Өйткені артымда қандай да бір естелік қалуы керек», – дейді Бердібек Сапарбаев.