Сондай-ақ автокөлік жүргізушілерінің кесірінен темір жол өткелдерінде 16 жол-көлік оқиғасы болған
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 7 айда теміржолдарда 12 адам зардап шеккен. Оның 8-і оқиға орнында көз жұмды.
10 жағдайда зардап шеккендер теміржолды рұқсат етілмеген жерден, жақындап келе жатқан пойыз алдынан кесіп өтпек болған. Бір жағдай – өз-өзіне қол салу. Тағы бір жағдайда темір жолмен келе жатқан адам құлаққаппен музыка тыңдаған, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ осы 7 айда пойыз машинистері темір жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін 118 шұғыл тежеу (станцияларда 30 реттен артық, ал аралықтарда 80 рет) қолданған. Ал темір жол өткелдерінде 16 жол-көлік оқиғасы болды десек, соның бәрі – автокөлік жүргізушілерінің кінәсі.
Пойыздардың жылдамдығы сағатына 120-140 шақырымға жетіп, тежегіш жолдың ұзындығы 800-1000 метрден асатындықтан, локомотив бригадалары пойызды бірден тоқтата алмайды. Сонымен қатар, ведомство өкілдері пойыздың нақты белгіленген жолы болғандықтан, «оның ешқайда бұрылып кетпейтінін немесе кедергілерді айналып өте алмайтынын» ескертті.