Мамандар пәтерді жалға алу құны алдағы уақытта тағы да өсетінін болжап отыр
Алматыда жалға берілетін пәтерлердің құны орта есеппен 15 пайызға өскен. Бұл туралы Krisha.kz сарапшылары мәлімдеді.
Мысалы, қазір мегаполисте пәтер жалдау бағасы шаршы метріне 4900 теңге болды. Мамандар оны алыс-жақын шетелдерден көшіп келушілердің көптігімен, доллар бағамының өсуімен және жоғары инфляциямен байланыстырып отыр.
Бағаның өсуі – әлемдік тенденция. Көптеген мемлекетте инфляция жоғары. АҚШ-тың өзінде қазір 9 пайыз инфляция. Біздің өзімізде 14-15 пайыз. Кез келген студенттің өзі қазір бұрынғыдай ескі үйлерде тұрғысы келмейді. Бұл дегеніміз – біздің халқымыздың талаптары өсіп жатыр деген сөз, - деді жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Орынбасар Сатаев, «Астана» телеарнасына берген пікірінде.
Жалпы, биыл маусымда 1 бөлмелі пәтерді жалға алу құны орта есеппен айына 140 мың теңге болса, тамызда 150 мың теңгеге өскен. Ал 2 бөлмелі пәтер 200 мың теңгеден 250 мың теңгеге көтерілген. 3 бөлмелісі болса, 280 мың теңгеден 319 мың теңгеге дейін жоғарылапты. Экономистер, тіпті, жаңа тұрғын үй кешендерінде пәтер жалдау құны 500 мың теңгеге дейін баратынын айтып отыр.
Осы жылдың басында Үкіметте әлеуметтік осал топқа пәтерақысының жартысын субсидиялап береміз деген бір шешім қабылданды. Бұл жағдай да белгілі бір дәрежеде бірден бағаның, әсіресе жалгерлік төлемнің өсуіне әсерін тигізді. Өзінің заңдылықтары бар нарыққа олай келуге болмайды, - дейді экономист Мақсат Халық.
Мамандар пәтерді жалға алу құны алдағы уақытта тағы да өсетінін болжап отыр. Айтуларынша, бағаны тұрақтандыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіріп, өндірісті жолға қою керек.