Көршілер терезені сындырып, ішке кірген
Ақмола облысының Жақсы ауданына қарасты Жаңа Қима ауылында үлкендердің қарауынсыз қалған 3 және 5 жасар қыздар сіріңкемен ойнап жүріп, үйдегі жиһазды өртеген.
Үйден сыртқа шыққан түтінді байқаған көршілер терезені сындырып, ішке кірген. Жабылып жүріп балаларды бірден сыртқа шығарғанмен, олар ыстың иісіне қатты уланып қалыпты. Сондықтан дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан 2 сәбидің өмірін аман алып қала алмады.
«Бұл кезде балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт шыққанын көрген көршілер өрт сөндіру қызметін шақырды. Біздің қызметкерлер оқиға орнына 5 минутта жетті», - дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Дәлешов.