Экологиясы өте нашарлаған Өскемен қаласының әкімдігі сотқа берілді

Еркеғали Болатұлы

Қаланың экологиялық мәселелерін шешуге 20 млрд теңге қарастырылған

фото: ашық дереккөз

Қаланың экологиялық ахуалына алаңдаған қоғам белсенділері Өскемен қаласы әкімдігін сотқа берді. Олар радиоактивті аймақтарды оқшуалау және арнайы белгі орнату мәселесіне назар аударуды талап етіп отыр деп хабарлады жергілікті altaynews.kz сайты.

Жалпы, Өскеменде осындай 500-ден аса учаске анықталған. Өткен ғасырдың 40-жылдарында мұнда металлургиялық өндіріс орындарының, соның ішінде уран байыту фабрикасынан шыққан қалдықтар үйіндісі болған. Ластанған учаскелер – содан қалған «мұра».

Ластанған топырақтың бір бөлігі Курчатов қаласындағы арнайы қоймаға апарып тасталды. Алайда бұл іс соңына дейін жеткізілмеген деседі белсенділер.

Экологтардың айтуынша, облыс орталығында тарихи радиациялық ластанудың тағы 8 нүктесі бар. Жаңа экологиялық кодекстің нормалары бойынша, енді бұл мәселенің шешілуіне қала билігі жауап беруге тиіс.

Қаланың экологиялық мәселелерін шешуге 20 млрд теңге қарастырылған. Бірақ бірінші кезектегі жұмыстар тізіміне радиоактивті дақтармен күрес енбеген.