Министрлік грантқа ілінбей қалған «Алтын белгі» иегеріне қатысты шешім қабылдады
Жасмин Тастан ҰБТ-да 120 балл жинаған
Шымкентте №9 мектеп-лицейдің түлегі «Алтын белгі» алса да, аты-жөні мемлекеттік білім гранты иегерлері тізімінен табылмады. Жасмин Тастан ҰБТ-да алғашында 107, содан кейін 120 балл жинаған.
Мектеп түлегінің анасы Нұргүл Пердебаева қызының ағылшын тілі пәнінен берілген 42 сұрақтың 38-не дұрыс жауап бергенін айтады.
Мұхтар Әуезов университетіне келіп, құжаттарды тапсырдық. Алайда құжатты қабылдап алған қызметкер 120 балдың орнына, 107 деп белгілеп жіберген. Кеше білім гранты иегерлері ішінен қызымыздың аты-жөнін таба алмадық, - дейді Нұргүл Пердебаева.
Айтуынша, түлек СДУ-дың «Халықаралық қатынастар» мамандығын таңдаған. Екінші таңдауы – шет тілі мұғалімі мамандығы. Алайда екеуіне де түспеген.
«Біреудің қателігі үшін бәрін жоққа шығарып отыр. Құжат тапсырған кезде аттестаттың түпнұсқасын алмады. Заң бойынша, соны алуы керек екен. Мен оны қайдан білейін? Қызым сыныптасымен сөйлесіпті, одан құжатының түпнұсқасын алған. Қайта келіп, өтініш жасап, түпнұсқасын қалдырдық», - дейді әйел.
Нұргүл Пердебаева базарда саудамен айналысады. Күйеуінің екінші топтағы мүгедектігі бар.
Қызыма кішкентай кезінен бастап оқы дедім. Қызым 9-сыныпты да, 11-сыныпты да қызыл аттестатқа бітірді. ҰБТ-ға 4 жыл дайындалды. Түнгі сағат 4-5-ке дейін сабақ оқитын. Біреудің болмайтын қателігі үшін енді гранттан айырылып отыр, - дейді әйел.
Бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қателік жібергенін мәлімдеді.
«Грант иегерлерінің тізімі жарияланғанда баласының оқуға түспегенін білген ата-ана құжатын тапсырған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығына, министрлікке арызданды. Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұраған.
«Техникалық қателік тез арада түзетіліп, талапкер Жасмин Тастан үшін Сүлеймен Демирел атындағы университетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ ол жатақханамен қамтылады», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ал құжат қабылдауда қателік жіберген Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына cөгіс берілді. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарына талапкерлердің құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескертті.