Картаны бұғаттауға және мүлікке тыйым салуға банк қандай жағдайда құқылы?
Банк картаны өз бетінше бұғаттай алмайды
Бірінші несие бюросының ақпаратынан сәйкес, қазір 6,5 млн қазақстандықтың несиесі бар. Оның ішінде 1,2 млн адам банктер мен микронесие ұйымдарына қарызын төлей алмай жүр.
Әдетте кей банктер қарыз кешіктірілсе картаны бұғаттап тастайды. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі банктердің ондай шектеу қоюға қаншалықты құқылы екенін анықтады.
Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларына сәйкес, «бұғаттау» түсінігі тек төлем карталарына қатысты қолданылады. Бұл карталар арқылы операция жасауға, соның ішінде төлем жасау, ақша аудару және қолма-қол ақша алуға тосқауыл қою деген сөз.
Банк қарызы кешіктірген адамның картасын өз бетімен бұғаттай алмайды. Ол үшін мемлекеттік органдардың шешімі қажет. Мәселен, соттың немесе сот орындаушыларының тиісті актілер мен қаулылары болуы тиіс.
Сот алимент төлемеген, салық төлемеген, үшінші тұлғалар алдындағы қарыздарыы бар, банктердегі несені уақытылы төлемеген, айыппұлдар және төлемдер орындалмаған жағдайда картаны бұғаттауға шешім шығарады.
Айта кетейік, жоғарыда аталған қарыздар мен төлемдер төленбесе де сот мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер, алимент алатын немесе білім беру депозиттеріне арналған арнайы шоттарды бұғаттай алмайды. Сондай-ақ бұл шотқа түскен қаражатты да ешкім мәжбүрлеп өндіріп ала алмайды.
Карта мен шотты бұғаттаудан бөлек, банк алдында қарызы бар адамның жеке мүлкіне тыйым салынуы мүмкін. Заңгер Нұржан Рахметовтің айтуынша, мүлікке қойылған тыйым өздігінен алынбайды.
«Мүлікке тыйым қою – меншік иесіне өз мүлкіне билік етуге тыйым салу, яғни құқығын шектеуді білдіреді. Мүлікті тәркілеудің жарамдылық мерзімі жоқ және мүлік пайдаланылмай тұрса да қойылған тыйым автоматты түрде алынып тасталмайды», – дейді заңгер.
Заңгердің мүлікке қойылған тыйымды қалай алу керектігін айтты.
Мүлікке қойылған тыйымды алу-алмауды сол шектеуді енгізген судьяның өзі шешіді. Ол үшін судьяның атына өтініш жазып, сот шешімінің заңсыздығын, өзгертілгенін, жойылғанын немесе орындалғанын дәлелдерімен көрсету керек. Бұдан әрі сот қойылған тыйымның күшін жою немесе бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер бас бартса 10 күн ішінде одан жоғары тұрған сотқа шағым жасай аласыз, – дейді заңгер.
Сонымен бірге мүлікке тыйымды сот орындаушысы да қоя алатынын ескерген жөн. Егер тыйымды сот орындаушысы қойса, сот актісінің талаптарын толық орындау, атқару санкциясын төлеу секілді шарттарды орындағаннан кейін ғана қойылған тыйым алынады.
Бұдан бөлек, қылмыстық істі тергеу кезінде тергеуші немесе анықтаушы соттың санкциясымен айыпталушыға жеке мүлік иемденуге тыйым сала алады.