Астанадағы жаңа мешіттің ашылуында Назарбаев сөз сөйледі
Мешіттегі ашық алаңда шамамен 200 мың адам, ішінде 35 мың адам бір мезетте намаз оқи алады
Елордадағы ең үлкен мешіттің ашылу рәсімімінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгін қасиетті жұмада елордамызда еңселі мешіт ашылып отыр. Ол Нұр-Сұлтан қаласының бас мешіті деп аталады... Бұл мешіттің орны жеке дара деп санаймын. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері еліміздің әр түпкірінде көп мешіт ашылып, жамағатты риза қылғаны бәрімізге белгілі. Оларда оқылған намаздар мен дұғаларды Алла қабыл етсін. Мен Мемлекет басшысы ретінде өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қаладым. Сол сәтте менің қасымда қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Аллаға жүгініп, ризашалығымызды білдіріп, болашақта халқымыздың тәуелсіздігі мен еліміздің еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік. Асыл дінімізге осынша қолдау көрсетуді әу бастан мұсылмандық міндетім, халқымның алдындағы перзенттік парызым деп білдім, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚМДБ төрағасының орынбасары Ершат Оңғар жаңа мешіттің ашылуы қазақстандықтар үшін маңызды екенін атап өтті.
«Бүгін еліміздің рухани өмірінде елеуі күн, тарихи сәт. Қазақ топырағында бұрынсоңды болмаған, арғы бергі тарихымызда кездеспейтін, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салыған сәулеті мен сәні жарасқан зәулім мешіттің ашылу рәсіміне қош келдіңіздер. Алла тағала мешітке басып келген қадамдарыңызға сауаптан бергей!», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, елордадағы мешіттің іргетасын 2019 жылы 18 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өзі қалаған еді.
«Елордамызда тағы бір үлкен шаруаны бастап жатырмыз. Елдің ұлық мерекесі – Наурыз мейрамы қарсаңында бастадық. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына қарсы парламент мәжілісінің отырысы кезінде соған байланысты үлкен ғимарат салу деген резолюция қабылданды. Содан бері ойланып, ақылдасып, осындай үлкен, мұсылман елдерімен салыстырғанда теңдесі жоқ мешіт салайын деп отырмыз», - деген еді экс-президент.
Мешіттегі үлкен мұнараның биіктігі – 130 метр болатыны хабарланды.
Мешіт елорданың сол жағалауында бой көтерді. Бұған дейін мешіт Қабанбай батыр және Мәңгілік ел даңғылы аралығындағы 9,5 гектар жерде салынатыны белгілі болды. Мердігер – түрік компаниясы.
Мешіт құрылысына мемлекеттен қаржы бөлінбейтіні, елде бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер ақша бөлгені айтылды. Ал олардың аты-жөні мешіт қабырғасына жазылады.
«Елорданың жаңа рухани кешені Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы бойынша іскер топтар өкілдерінің қаржысы есебінен бой көтерді. Тұңғыш президент 2019 жылы 18 наурызда ислам әлемінің аса маңызды орталықтарының бірі болуға тиіс мешіттің іргетасын қалады. Мешіт 2022 жылы 12 тамызда ашылды», деп жазылған мешіт қабырғасында.